Жетісудың ауылшаруашылық драйвері
Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасының негізгі һәм жетекші саласы. Бұлай дейтін өз жайы бар. Әлемдік геосаяси жағдай азықтық өнімдердің кәдімгідей тапшылығын сездіруде. Әсіресе Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс тек сол маңайдағы елдердің ғана емес, күллі Азия мен Еуропаның азықтық қалтасын әжептәуір қағып тұр. Демек, экономика үшін де, халықтың әлеуметтік ахуалын да қалыптастырар жаңа технология, машина құрастыру, пайдалы қазбаларды өндіру емес, ауыл шаруашылығы екені даусыз. Қазіргі таңда Қазақстан ауыл шаруашылығын барынша әртараптандыруға қадам жасап, жаңашыл реформаларды, заманауи технологияларды қолға алуда. Оны ауылдың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, тұрмысына араласып жүрген әр жан біледі. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұрынғы Алматы облысы екіге бөлініп, бірінің орталығы Қонаев қаласына ойысып, Алматы облысының негізімен тұрмысын әрі жалғастырса, бірі – Талдықорғанды аймақ орталығы етіп, Жетісу облысы негізінде құрылған еді. Сол Жетісу облысының негізгі тіршілігі ауыл шаруашылығына негізделіп отыр. Өйткені бұл облыстың құрамындағы аудан-қалалардың тұрмысы ата кәсіп пен Жер-Ананың төскейінен несібе жинауға негізделген. Жетісу аймағының іргесін бүтіндеп, өрісін кеңейтіп отырған ауданның бірі де бірегейі – Ескелді ауданы. Әулие бабаның есімін арқалаған ауданда ірілі-ұсақты шаруашылықтар жетіп артылады. Дені көктемде жер тырнап, дән сеуіп, күзде несібесін жинап, ата кәсіптің ізімен төрт түліктің етін де, терісінде, сүтін де кәдеге жаратумен күнелтуде. Атаулы ауданның ауыл шаруашылығында осы уақта жүзеге асып жатқан һәм игілікті тірлікке ұласқан шаруасын тілге тиек етпекпіз... - tinfo.kz хабарлайды
Агрария – өрісті өркендетеді
Жоғарыда ескелділік ағайын нәпақасын Жер-Ана төсінен жинап жүргенін айттық. Мұндағы ағайын биыл 54494 гектарға егін екті. Былтыр 53170 гектарға дән себілген болса, биыл алқап көлемі ұлғайып, диқандар 1324 гектарға егінді артық еккен. Өткен жылы ескелділіктер 28750 гектарға дәнді дақыл ексе, биыл мұның көлемі артып 30387 гектардан дәнді астық жиналуда. Аудан шаруалары өткен жылы 12343 гектарға майлы дақыл орналастырса, биыл оның көлемін кемітіп, 12193 гектардан осы дақыл түрін жинауда. Өткен жылы ескелділік диқандар 2348 гектарға картоп өнімін ексе, биыл сол үдеден кем түспей 2367,5 гектардан осы дақылды жинауда. Ауданның ауыл шаруашылық дақылының негізін тәтті түбір құрайды. Мұндағы шаруалар биыл 1710,9 гектарға қант қызылшасын егіпті. Бұл өткен жылға қарағанда қант өнімінің шикізатын аз еккенін аңғартады. Себебі аудан еңбеккерлер 1800 гектардан өнім жинаған еді. Айтпақшы, аудан шаруалары өткен жылы тәтті түбірді Ақсу ауданында орналасқан қант зауытына өткізген еді, биыл бұл маңда егілген әрбір қант қызылшасы Көксу ауданындағы ірі кәсіп орынға жөнелтілуде. Бұл шаруалардың оң жамбасына келіп тұр. Себебі жол аса қашық емес, әрі зауыттың қабылдау мүмкіндігі өте үлкен. Әрі тасымалдау шаруасын ауыл шаруашылық құрылымдар өздері игеруде.
Бақша дақылдарын егуде шаруалар кенжелеп тұрған жоқ. Әрі дақылдың бұл түрін егуде жыл сайын үдемелі қарекет етуде. Оған себеп те жоқ емес. Себебі ауданда бақша дақылдарын сақтайтын заманауи қоймалар көбейіп келеді. Облыс орталығында орналасқан ауданның бақша дақылын сақтап, өткізуі аса мәселе емес. Сөз ауанына ойыссақ, былтыр ескелділіктер 1050 гектардан көкөніс және бақша дақылдарын жинаса, биыл бұл көлем 1056,8 гектарға ұлғайған. Былтыр аудан шаруалары 7700 гектарға күздік бидай сеуіп, содан әжептәуір өнім жинаған еді, биыл сол үдеден кем түспеу үшін 7700 гектарды игеру көзделсе, тап қазір 6000 гектарға дән себілген.
Ауыл шаруашылығы дегенде, оның ішінде жеміс-жидек өсіруде Жетісу жерінде Лазаренколардың есімі жер жарып тұр. Құлпынай мен таңқурай өсіруде талайға үлгі отбасы күніне 800 келіге жуық құлпынай, 70-80 келі таңқурай жинайды. 10 жылдан бері жерден нәпақа терген үлгілі шаңырақ 20 гектар жердің қарыс жерін бос жатқызбайды. 10 адамды жұмыспен қамтып отырған Лазаренколардың өнімі Жетісу облысына қоңсы қонған өңірлерге де жөнелтілуде.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары берген мәліметке сүйенсек, ескелділік шаруалар қазір қарбалас тірлік үстінде. Себебі тап қазір дала еңбеккерлері үшін көктемде сепкен дәннен өнген өнімді жауын мен шашынға қалдырмай, шашасына шаң жұқтырмас жанталаспен жинап алу. Ол үшін дала төскейінде 1080 трактор мен 120 комбайн дүбір тудырып отыр. Сала мамандарының сөзінше күзгі дүбір мың жарымнан астам техниканың тынымсыз тірлігінен шығып отыр. Аудан атқамінерлері маңызды науқанның кідіріссіз болуы үшін егіне жинау кезеңіне 1743 тонна жанар жағар май жеткізуді жоспарлаған еді. Ескелділік шаруалар жоспарды жүйелі орындап отыр. Бүгінде осы жоспарға сай 1020 тонна жанар жағар май алынған. Қалғаны қазан айынның соңына дейін игерілмек. Оның үстіне шаруалардың қалтасын қақпау үшін жанар жағар майдың литрі 205 теңгеден алынуда. Көктемгі егін егу жұмыстарында баға литріне 193 теңгені құраған еді. Жанар жағар майдың бағасына әлемдік геосаяси жағдайдың әсер етіп отырған көзі қарақты жұрт біледі. Сонда да аудан атқамінерлері баға тұрақтылығы үшін барынша күш жұмсауда.
Ата кәсіп артта қалдырмайды
Ескелді ауданының тыныс-тіршілігі тек егін шаруашылығына ғана негізделіп отырған жоқ. Мұндағы шаруа қожалықтары жер төсінен напақа жинаумен қатар ата кәсіпті де дөңгелетіп отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарының айтуынша төрт түліктің саны жыл өткен сайын артып, есесіне одан өндірілетін өнім де еселенуде. Сала мамандарының берген ақпарына қарағанда тамыз айындағы есеп бойынша мүйізді ірі қара саны өткен жылмен салыстырғанда 104,6 пайызға артып, аудан шаруалары 52118 сиыр өсіруде. “Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, қой бағып, етін жеген озар” деген нақылдың астарын мұндағы жұрт әлдеқашан сезген. Себебі, ауданда 206 255 бас уақ мал бар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың есебіне қарағанда 101,4 пайызға өскен. Қамбар ата тұқымын өсіру және оның өнімін өндіру аудан жұртшылығы арасында жыл сайын үдеп келеді. Өткен жылға қарағанда жылқы тұқымы 9,8 пайызға артқан. Бүгінде жылқы тұқымын қастерлейтін аудан жұртшылығының қолында 17478 бас Қамбар ата тұқымы өсірілуде. Сонымен қатар 131 бас түйе, 59644 дана құс та ауданның шаруаларының ырысын арттыруда. Бұл шаруашылықтардың да көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда өскен. Таңқы мұрын шошқа өсіруде де аудан жұртшылығы қамсыз емес. 2679 бас шошқа өсірілуде мұнда. Айтпақшы, төрт түлікті өсіру бар да, оның өнімін игеру бар. Аудандағы ірі шаруашылықтың бірі - “Хильниченко и к”. Бүгінде атаулы құрылым ауыл шаруашылығының қай түрін де игерген. Бұл қожалықтың өзгелерден даралығы – шикізатты дайын өнімге айналдырып, халық игілігіне ұсынуында. Мәселен, атаулы ауыл шаруашылық құрылым бір ғана шүжықтың 15-тен астам түрін өндіреді. Сонымен қатар, полифабрикат өнімдерін де ел игілігіне ұсынып жүр. Мәселен, тұшпараның неше атасы осы компанияның логотипімен шығып, халықтың алғысын алып жүр. Сүт өнімдерін де даярлауда атаулы құрылым ешкімнен кем түсіп тұрған жоқ. Жалпы сүт өнімдерін өндіру бойынша ауданда қарқынды тірлік бар. Мәселен, осы уақта аудан көлемінде 7 сүт тауарлы ферма өз жұмысын жандандырып келеді.
Былтыр еліміздің бірнеше өңірі қуаңшылықтан әбден зардап шекті. Қиындықтан қабырғасы қайысқан жұрттың қатарында Сыр өңірі, Маңғыстау облысы, киелі Түркістан топырағы бар еді. Сол уақта Жетісу өңірі жұртшылығы қарап қалмай, қуаңшылық жайлаған өңірлерге мал азығын жөнелткен еді. Қайырымдылықты жеті өзен елінің ішінде алғашқылардың бірі болып Ескелді ауданы бастаған. Шөбі шүйгін, жері от аудан биыл қыстан төрт түлік қысылмай шығуы үшін мал азығын көлемді даярлады. Мәселен, 101,9 мың тонна азық биыл аудандағы төрт түлікке жетеді деп жиылды. Оның ішінде 12,3 мың тонна пішендеме, 23,8 мың тонна сүрлем, 14,4 тонна сабан, 19,5 тонна азықтық жем қыстық қорға сақталған. Десек, қыс қысылмай шығуға болады деген сөз.
Жалпы, Ескелді ауданының тап қазіргі ауыл шаруашылығының жайы осындай. Іргелі аудан ата кәсіптен де, егін шаруашылығынан да талайдан озық келеді. Себебі мұндағы ағайын маңдай шып-шып терлемей, Жер-Анаға тер төкпей ырыс пен несібе оңай келмесін жақсы біледі. Содан болар ала жаздай төккен тер мен еселі еңбек бүгінде жемісін беруде.
Д.Садық