Войти через

  • 21°C

Суббота, 20 апреля

Текеліде балаларды ұлттық өнерге баулиды

Алина Галымова
Алина Галымова
Журналист

Текелі қалалық Балалар шығармашылығы орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас өренді ұлттық өнерге баулу мақсатында «Ата кәсіп – мол нәсіп» атты танымдық кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. Ұмыт болған өнер жәдігерлерін, мәдени мұрамызды сақтап, оны өскелең ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан шарада қазақ және орыс халқының қолөнері, оның ішінде ою-өрнек, кесте тігу, ши тоқу, қамшы өру сынды өнер түрлері көрсетілді. Түрлі сәндік қолданбалы өнер туындыларымен безендірілген зал көздің жауын алады. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, бойындағы тұнып тұрған қабілетін ашу, оны ары қарай дамыту, өнерге баулуды басшылыққа алған орталық мамандары өз саласы бойынша кең мағлұмат беріп, көрерменнің көңілін аулап, қолөнерге деген қызығушылықтарын арттыра білді. Шараның өту барысы жөнінде орталық директоры Светлана Бейспекова айтып өтті.

"Аталған бағытта жұмыстарды тоқтатпаймыз, әлі де көптеген шараларды ұйымдастырып өткізу жоспарда бар. Бүгінгі шараға келетін болсақ, орталықтың жоғары білікті оқытушысы Т.Жаппарқұлова ою өнеріне баулып, көркемсурет бөлімінің оқытушылары А.Ақылбекова ши тоқу өнерімен таныстырып, А.Кувычко заонеж кестесін тігуді үйретті. Ал Е.Тұрсынбек қамшы өруді үйретіп, ол тобылғыдан, мүйізден, сүйектен, сирақтан да жасалатынын айтып көрсетті", - дейді орталық директоры.

Атап өтетін жайт, Балалар шығармашылық орталығы 2002 жылдан бастап музыка, көркемсурет бөлімдері және үйірмелер бағытында жұмыс істейді. Орталықта 820 оқушы білім алып, түрлі облыстық, республикалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бүгінде ол ұлттық өнерді дәріптейтін, балалардың шығармашылығын дамытуда қомақты үлесін қосып жүрген білім ордасына айналды.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Это может Вас заинтересовать