Войти через

  • 10°C

Пятница, 29 марта

Қайраткер атындағы мектеп

Қайраткер атындағы мектеп

27.11.17

Общество
Алина Галымова
Алина Галымова
Журналист

Жуырда Шелек ауылында өткен айтулы шара мемлекет және қоғам қайраткері Абдолла Розыбакиевтің 120 жылдығына және қайраткер атындағы орта мектептің 50 жылдығына арналды. Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев ашты.

Абдолла Розыбакиев туралы деректерге көз салсақ, талай жайды аңғарамыз. Абдолла Ахметұлы – күрескер. Өз заманының озық ойлы адамы. Екіншіден, қазақ, ұйғыр халқының ажырамас бірлігін нығайту үшін қызмет етті. Тамырлас және бауырлас ұлттардың ынтымағы артып, мәдениетінің көркеюін тіледі. Артына осы тектес өлмейтін өнеге қалдырған тұлға.

А. Розыбакиев 1887 жылы Шелек өңіріндегі Киікбай ауылында дүниеге келген. Жетісу жерінде кеңес билігін орнатуға белсене қатысты. Верный қалалық мұсылман жұмысшылары одағының хатшылығына сайланды. Жетісу облыстық ревкомының мүшесі болып, Ораз Жандосовтардың сенімді серігіне айналды.

Ол оқып үйренуден жалыққан емес. Мәскеуге барып білімін шыңдады. Ғылыми жұмыстармен де айналысты. Ұйғыр тілінде шығатын «Кембағалдар авази» газетінің ұйымдастырушысы және алғашқы редакторы болды. Айта берсек мұндай мысалдар аз емес. Өкінішке қарай, айтулы қайраткер 1937 жылғы саяси репрессияның құрбаны болды. 

Отаны өзінің адал перзентін әрқашан ардақтап келеді. Алматы қаласында А. Розыбакиев атындағы даңғыл бар. Қала мен облыстағы бірқатар мектептер қайраткердің есімімен аталады. Оның рухы халқының лайықты құрметіне бөленуде.

Соның бір дәлелі – Шелектегі Абдолла Розыбакиев атындағы орта мектеп. Бұл оқу орны жарты ғасырдан бері жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Алтын ұядан қанаттанған түлектер халықшаруашылығының барлық саласында жемісті еңбек етуде. Алдыңғы толқын ағалар дәстүрін кейінгі толқын інілері жасампаздықпен жалғастыруда. Сонымен қатар, халық бірлігін насихаттап, қазақстандық патриотизм идеясын ту етіп көтеруде.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған бастамалардың өміршеңдігі мен маңыздылығына тоқталды. Әсіресе, «Туған жер» бағдарламасы бойынша аудан өңірінде бірқатар айтулы шаралар іске асқанын тілге тиек етті. 

– Енді бүгін өздеріңіз куә болып отырғандай А. Розыбакиев атындағы орта мектептің айналасы абаттанып, көркіне көз тоятын келбетке енді, – деді Айбек Дүйсембекұлы.

Аталған шараны ұйымдастырған Ұйғыр этномәдени бірлестігі. Мектепті абаттандыруға М. Абдуллаев, А. Камбаров, А. Абаков секілді кәсіпкерлер демеуші болды. 14 миллион теңге қаржы жиналып, игілікті іске жұмсалды. Соның нәтижесінде мектеп ауласындағы 650 шаршы метр жерге асфальт, 2000 шаршы метр алаңға арнайы бетон кірпіштер төселді. Алаңның айналасы қоршалып, 150-ге жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Кәсіпкерлер «көп түкірсе – көл болатынын» ынтымақты істері арқылы тағы бір көрсетті.

Есімі елге белгілі кәсіпкер Дилмұрат Кузиев мұндай жұмыстар Абдолла Розыбакиев атамыздың рухына арналған ұрпақ тағзымының белгісі екенін айтты. Ал, ақын-жазушылар Жамшит Розахунов, Ахметжан Аширилер қайраткердің отансүйгіштік қасиеттері мен азаматтық ерекшеліктерін әңгімеледі. Сөйтіп, туған жерге ту тіккендер Шелек ауылының көркі мен сәулетінің артуына осылайша өз үлестерін қосты. Салтанатты шараның соңы ұйғыр ансамбльдерінің, әншілері мен бишілерінің өнеріне ұласты.

Б. БАТЫҚҰЛЫ.

Еңбекшіқазақ ауданы.

Это может Вас заинтересовать