Войти через

  • 12°C

Пятница, 29 марта

Еркіндігім, қасиетім, қастерлім

ЕРКІНДІГІМ, ҚАСИЕТІМ, ҚАСТЕРЛІМ

27.11.17

Общество
Алина Галымова
Алина Галымова
Журналист

Рухани жаңғыру арқылы «Жер тарихы – ел тарихы» екеніне көз жеткізіп, туған жерге ерекше ықыласпен қарайтын кез келді. Тәуелсіз ел дегеніміз – көңілінде шер, көзінде мұңы жоқ қоғамдағы халық. Осы ұғымға әбден лайық қазақтың көңіліндей дарқан, пейіліндей кең, жүрегіндей жылы Ұлы Даланың кескін-келбеті уақыт өткен сайын жасарып, жаңарып келеді десек, қателеспесіміз анық. Тәуелсіздік – әр қазақтың бағын ашты, әр отандасымыздың ертеңге деген үмітін үкіледі. Жастардың жігерін жаныды. Аға буынның мерейін тасытты. Демек, бабалар аңсаған еркіндіктің балдай дәмін ширек ғасырдан астам уақыт татып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт тірлікте ғұмыр кешкен біздің ұрпақ шын бақытты.

Елбасымыз ұрпағымыздың бақытты болашағы үшін тынымсыз күндер мен түндерді өткізіп, жасампаздық еңбегін жалғастырып келеді. Дүйім жұрттың назарын өзіне аударған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының мазмұны терең және ұлттық кодымызды сақтаудың тәсілін ашып, нақты бағдарламаны алға қоюымен ерекшеленді. Нәтижесінде ұлттық жаңғыру – ұлттың сана-сезімінің көкжиегін кеңейту, ұлттық ерекшелігімізді сақтап, сипаты мен мағынасын, түрін, көкжиегін кеңейту арқылы тарихымызды таразылауға шақырады. Осы орайда төл тарихымызға, абыз бабалардың өткен өмір салтын зерделеп, шынайы прагматизмнің жарқын үлгілерін табу қажеттігін міндеттейді. Ұлттық рухымыздың алтын діңгегі – салт-дәстүріміз, тіліміз бен әдебиетіміз, жөн-жоралғымыз. 

Жаңғыру деген сөздің мағынасы терең әрі жан-жақты. Дүние жаңармаса, жаңғырмасы әлем не күйге түседі? Бір сәт ойлаудың өзі көңілге алаңдаушылық әкеледі екен. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты құнды құжатта жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу екендігі атап айтылған. Демек, дамыған мемлекеттердің озық үлгілерін үйрену, ұлттық код, ұлттық мәдениетті сақтау мен алдағы дамуымызға кедергі келтіретін әдеттерден саналы түрде бас тартуға шақырады. 

Мақаладағы «Таяу жылдардағы міндеттер» тарауында халықты толғандырған көптеген мәселе көңілден шығады. Ол – тіл мәселесі, туған жер тарихы, ел мен жерге деген азаматтық көзқарасты қалыптастыру жайы. ХІХ ғасырдың басында қазақтың басынан тайған бақтың 1991 жылы түбегейлі тәуелсіздігімізді алғанға дейін қайта қонбағаны, елім деп еңіреп өткен арыстарымызға арман болғаны талассыз шындық. Уақыт пен кеңістік сахнасындағы сарғайған мұрағаттарға зер салып қарар болсақ, ақындар мен батырлар елі атанған Жамбыл ауданының ең алғашқы орталығы – Тарғап қыстағы болғандығын көреміз. Аталған елді мекен 1890 жылы Жетісу уезінің Қастек болысына қарасты Верный – Қарабалта пошта-байланыс жолында бекет болып ашылды. Дәл сол жылы «Жетісу» естелік кітабында жазылғандай, Сәт Ниязбекұлы болыс сайланып, ол өңір Батыс-Қастек болысы атанды.

«Жердің аты – тарихтың хаты» демекші, атамекенге сұқты көзін қадаған сыртқы жаулармен қаһарман бабаларымыздың әділетті соғыс жүргізгені белгілі. Сол қаһармандардың қатарындағы Қарасай баба мен оның ерлік дәстүрін лайықты жалғастырған Қараш, Қастек, Қазыбек бек, Қасқары, Наурызбай, Өтеген, Райымбек, Ботбай, Сәмен, Көкбарақ, Саурық, Сұраншы, Сыпатай, Бекболат және басқа баһадүрлер есімдері бүгінгі ұрпақ үшін ұранға айналып, рухы ұлы істерге ұмтылдыруда.

Басқаны былай қойғанда, Қастек болысындағы елдің 1916 жылғы жантүршігерлік жағдайын еске түсірудің өзі-ақ отарлаушылық зардабының қаншалықты ауыр болғанын айқын көрсетеді. Соған қарамастан 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев, Тоқаш Бокин, Қанай Боранбаев сынды біртуар арыстар елді Кеңес өкіметін қолдауға үндеді. Алайда, көп ұзамай аталған ұлт зиялылары өздері белсене құрған қоғамнан адам айтқысыз қорлық пен зорлық көрді. 

Елбасы Рухани жаңғыру мақаласында: «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажаймен қарасақ бұл мағынасы терең сөздер. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы  шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды», – деп туған жерге, еліне, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды бөлігі екендігін ескертеді. 

Алматы – Бішкек күрежолының бойында ғана қаншама тарихтан сыр шертетін киелі орындар жалғасып жатыр. Алматы шаһарынан шыққанда биіктегі батыр баба Наурызбай Құттымбетұлына, Сұраншы, Саурыққа тұрғызылған еңселі ескерткіштер, Аңырақай шайқасына арналған биік тұғыр, «Айнабұлақ» демалыс орнының оңтүстік батысында Мырзатай баба әулеттері – Назарбай бидің кесенесі, одан әрі Самсыдағы Сәмен батыр ескерткіші, Қараш батырға, тағы басқа да бүгінгі тәуелсіздігіміз үшін түн қатып, құсұйқылы күн кешкен бабаларға деген ұрпақтарының шынайы сүйіспеншілігінің белгісі ретінде қойылған тарихи жәдігерлер бүгінгі ұрпаққа өнеге ретінде қалдырылды. Сондай-ақ Қобызшы, бақсы Түктібай Жарылғапұлына, Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлына, тағысын тағы бойларына Алла берген ерекше қасиетімен белгілі абыз-бабалар мәңгі мекен еткен киелі орындар қатары да бар. Экспедиция осындай тарихы терең жәдігерлердің тізімін тізіп, бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа қалдыруға бетбұрыс жасап, жақсы істің тиянағын келтіруде. 

Ендігі кезекте киелі елі мен жерін бодандықтан азат ету жолындағы дарабоздардың жанқиярлық ерлік істерін жаңғырған қоғамымыздың даму үрдісіне лайық насихаттау – әрқайсымыздың перзенттік парызымыз десек, мектеп ұжымдары ардагерлермен кездесу өткізіп, тәрбие сағаттарына шақырып, жұмыстарын жүйелей түссе нұр үстіне нұр болар еді деген ой келеді. 

Тарих – әр ғасыр тамыршысы. Мұрағат беттеріне үңілсек, одан  талай-талай жайларға қанығамыз. Облыстық мемлекеттік мұрағатының жәдігерлеріне жүгінсек, Жетісу губерниялық атқару комитеті төралқасының 1928 жылғы наурыздың 27-29 күндері өткен кезекті мәжілісінің ІІ хаттамасынан «аудандастыру жобасын анықтау туралы» мәселе қаралғанын көруге болады. Онда Қордай ауданын Қордай және Қастек аудандарына бөліп, Қастек ауданына 1-7 ауылдарды, Майтөбе болыстығының Қарабұлақ ауылын, Ұзынқарғалы болыстығының 1-5 және 10-12 ауылдарын қалдыру, сондай-ақ, Қастек ауданының орталығын Тарғап қыстағы деп белгілеу туралы айтылған. Тағы бір деректе Қастек ауданының Қазақстан Орталық атқару комитетінің 1928 жылғы 3 қыркүйекте шыққан арнайы Жарлығымен құрылып, шекараларының бекітілгені жайлы бұрынғы құжаттарға сілтеме жасалған. Негізінен алғанда қыркүйектің 3-жұлдызын ауданның ресми түрде құрылған күні деп санаған дұрыс сияқты. Арада тура он жыл өткеннен кейін, яғни 1938 жылы ұлы жырау бабамыз Жамбылдың шығармашылық қызметіне 75 жыл толу мерейтойына байланысты Қазақ КСР Орталық атқару комитеті Төралқасының 1938 жылғы 19 мамырдағы Қаулысымен Қастек ауданының атауы Жамбыл ауданы болып өзгертілген. Орайы келгенде айта кететін бір жайт, ауданның тарихи жылнамасына көз жібергенде оның әрбір кезеңінің айрықша бедері бар екенін аңғару қиын емес. Мәселен, отызыншы жылдардың басындағы ақсүйек ашаршылықпен қабаттаса келген қасап қырғынға ешкім тосқауыл қоя алмады. Осылайша 1937 жыл тағы бір қасіретті көлденең тартты. Бұған нақты мысал ретінде 1996 жылы «Әділет» қоғамы шығарған «Азалы кітапқа» ауданымыздан кезінде жазықсыз айдалып, атылған және кейін ақталған 50-ге жуық жерлесіміздің аты-жөндері енгізілгенін айта кеткеніміз жөн. Өкінішке қарай, бұл еңбекке қосылмай, елеусіз қалғандардың да бар екенін ойласақ, жазықсыз атылып, сотталып кеткендердің саны 200-ден асатын сыңайлы. Осыншама зұлымдық пен зобалаңнан кейін де елдің жағдайы оңала қоймаған. Себебі, аудан жұртшылығы 1941–1945 жылдардағы сұрапыл соғыстың қасіреті мен тауқыметін де аз тартқан жоқ. Сындарлы шақта ауданымыздан әскерге 5806 ер-азамат аттанып, олардың 3,5 мыңға жуығы оқ пен оттың ортасынан оралмады. Майдангерлердің қатарында жерлесіміз Дадаш Бабажанов Совет Одағының Батыры атанды. Ал, Әбдірақым Әлімов пен Михаил Рыжиков «Даңқ» орденінің үш дәрежесін толық иеленді. Зияда Досбергенова сынды өжет қыз қаһармандық үлгісін көрсетіп, үш бірдей жауынгерлік орден-медальдармен марапатталды. Соғыстан қираған қалаларды қалпына келтіруге қатысқан қазақстандық 88 қыздың арасында ауданымыздың 11 бойжеткенінің болғанын, олардың қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан ерекше бағаланғанын атап айтуға болады. Сталинград қаласын қираған үйіндіден аршып алуға атсалысқан Жұмағыз Кемербаева, Күләнда Сыдықова, Алмагүл Аманова, Мәдина Ұлтанбекова, Уәсила Әбдірахманова, Оралтай Тойбаева, Қадырғыз Жолдыбаева, Ақбала Таңсықбаева, Сәкей Бапиева, Қайша Нұрбаева, Сталинград танк зауытында істеген Жұмагүл Қуандықова мен Әспет Тоғызақованың табандатқан төрт жыл бойы ерлікке тән еңбек еткенін кейінгі ұрпақ ешқашанда ұмытпайтыны анық.

Сол кезде Воронеж майданында, Курск иініндегі қырғында, Сталинград, Мәскеу түбіндегі шайқастарда, сондай-ақ, шешуші шептердің барлығында дерлік соғысқан ауылдастарымыздың арасынан небір ержүрек жауынгерлер шықты. Мысалы, Әбдіразақ Мәмиев, Құтпанқұл Монтаев, Әбіке Үмбетов, Ғали Досымбетов, Николай Гончаров, Алдаберген Байжанов, Павел Митьков, Ермек Далабаев, Әбілжан Оспанов, Григорий Пичкунов, Алексей Плаксин, Оралбай Талысбаев, Бейсен Елгезеров, тағы басқа да көптеген майдангерлердің жорық жолдары таусылмас тағылымға толы десем, қателесе қоймаспын. 

Соғыстан бергі 72 жылдан астам уақытта, оның ішінде егемендікке қолымыз жеткен ширек ғасырлық кезеңде атақты ауданымызда өндіріс пен рухани өмірімізде қалдырған жарқын ізі сайрап жатқан көптеген азамат қалыптасты. Мәселен, ауылшаруашылығы мен экономиканың басқа да шешуші салаларынан, рухани ошақтардан ондаған еңбек ардагері шықты. Осыған орай, жерлестеріміз, өмірі мен кәсіби қарекеттері өшпес өнегеге айналған Социалистік Еңбек Ерлері Қ. Әбсәметов, Ы. Әлібекұлы, К. Тоқсейітова, Ш. Жандыбаев, Ж. Садуақасов, Д. Әмірқұлов, О. Ерекенов, Д. Гущин, М. Түймебаев, Ә. Құлтанов, Ә. Әлімов, Ш. Мусин, тағы басқа да майталмандардың есімдері әрдайым елінің есінде. 

Жамбыл ауданы – ән-жыр мен толағай табыстың мекені. Олай дейтініміз, әйгілі ауданымыздың атақ-даңқын талай елге танытқан өнер дүлдүлдері аз емес. Ақиық ақындар Сүйінбай мен Жамбылдың өкшесін басқан Халық ақындары  Өтеп Оңғарбаев, Әбдіғали Сариев, Үмбетәлі Кәрібаев, Әсімхан Қосбасарұлы, Әлімқұл Жамбылов, ұлы композитор Нұрғиса Тілендиев, талантты сазгер Әсет Бейсеуов, дарынды жазушылар Балғабек Қыдырбекұлы, Сейдахмет Бердіқұлов, өмірден өткен ақын Есенқұл Жақыпбек  және басқа да ондаған игі жақсыларымыздың асыл бейнелерін құтты мекеніміздің ұл-қыздары санасында сақтап, жүрегінде жаттауда. Әлі де солай болары анық.

Жеріміз бен еліміздің атағын айдай әлемге айшықтаған жыр алыбы Жамбылдың шарапаты тиіп, қай салада болмасын тізгін ұстап, маңдай терін төккен, қарапайым әрі қадірлі қарекетінің арқасында Алатаудай айбарға ие болған жерлестерімізді, сірә, толықтай, түгендей де алмаспыз. Осындай нысаналы ниетпен  қоғамдық пікірді зерттеп, зерделеп, үлкен-кішімен сыр бөлісіп, «Жамбыл елінің жайсаңдары» кітабын қайта толықтырып оқырман қауым мен жерлестерге ұсындым. Бұл менің Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық торқалы тойына тартуым болды. 

Рухани жаңғырудың бағыты сан салалы екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Осы бағдарламадағы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы кешегі және бүгінгі егемен еліміздің әр саладағы табысқа жетуіне бар қажыр-қайратымен үлес қосқан көпұлтты халық өкілдерінің есімімен толықтырудың да маңызы зор. Олардың еңбегі, өмірі, жүріп өткен жолы жастарға үлгі-өнеге. Бүгін бар – ертең жоқ болады. Ал тасқа басылған, қағазға түскен дүние мәңгілік. Бұл да Елбасының көрегендік саясатына дәлел. Демек, еліміздің түбегейлі жаңаруы мен жаңғыруы және тың бастамаларды баянды ету әр азаматтың белсенділігі мен өмірге деген құштарлығына байланысты өрбитіні ақиқат. Жетісу халқы, оның ішінде жамбылдықтар осы үрдісті түсініп, туған өлкенің қайта түлеуіне тың талпыныс жасап отыр. Жаңаға деген жұрт талпынысы жүректерге жылылық ұялатуда. Жаңғыру – жаңаға, түбегейлі жақсылықтарға бағыт алу. «Тәуелсіздік еркіндігім, қасиетім, қастерлім, өзің барда өзегімде жоқ шер мұңым», деген ақын жырынан еркіндікке деген жүрек лүпілін естиміз. Іске сәт, жер жаннаты Жетісудың, жиырма бірінші алтын ғасырдың ұрпақтары. 

Күмісжан БАЙЖАН, ҚР Мәдениет қайраткері.

Это может Вас заинтересовать