Войти через

  • -1°C

Четверг, 05 декабря

Алматы облысының әкімі Қ.А. Бозымбаевтың облыс тұрғындарына үндеуі

Алматы облысының әкімі  Қ.А. Бозымбаевтың  облыс тұрғындарына үндеуі

19.01.22

Политика
TINFO
Служба новостей

Қымбатты жетісулықтар!

 

Қаңтардың алғашқы күндері бәрімізге оңай тиген жоқ. Қиын кезеңді бастан өткіздік. Осындай сын сағатта сабыр сақтап, бірлігі мен тұтастығын көрсете білген сіздерге алғыс білдіремін.

Өкінішке қарай бұзақылардың кесірінен қаншама әулет қасіретке ұшырады. Қайтыс болғандардың отбасына тағы да көңіл айтамын.

Бұл ретте жазықсыз қаза тапқандардың отбасылары мемлекеттің қолдауынсыз қалмайтынын атап өткім келеді.

Әскерилер мен полиция қызметкерлерінің отбасына 5 млн. теңгеден біржолғы материалдық көмек беріледі. Балаларының оқу ақысы, тұрғын үй және басқа да мәселелерін шешеміз. Орта және ауыр жарақат алғандарға да 1 млн. теңге көлемінде көмек  көрсетеміз.

Қоғамдық қауіпсіздікті қорғап, бұзақыларға тосқауыл болған халық жасақтары мен ауыл тұрғындарына рахмет айтамын.

Қазіргі кезде облыс аумағында жағдай тұрақты. Барлық мекемелер қалыпты жұмысына көшті. Халыққа қажетті азық-түлік пен жанар-жағар май қоры жеткілікті.

Сауда орындары мен базарлар, банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп тұр.

Арнайы комиссия қираған ғимараттар мен мүліктің, тоналған бизнес нысандарының нақты шығынын анықтады. Алдын ала есептеу бойынша шығын көлемі 16 млрд. теңге шамасында. Қысқа мерзім ішінде бүлінген ғимараттар қалпына келтірілетін болады.

Құрметті облыс тұрғындары!

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елге төнген қауіпті халқымыз қайыспай көтере білгенін атап көрсетті.

Мәжіліс отырысында Үкіметке жаңа экономикалық саясат қалыптастыруды мықтап қолға алуды тапсырды. Күрделенген теңсіздік мәселесіне баса назар аударды.

Шешілмеген өзекті проблемалар біздің облыста да аз емес.

Олардың қатарында:

- тұрғын үй мен жер учаскелерін бөлу;

- саяжай тұрғындарының проблемалары;

- суармалы және жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі;

- жалақының төмендігі;

- жұмыссыздық деңгейінің өсуі;

- ауыз су мен электр жарығының тапшылығы, жолдарды жөндеу;

- табиғи газбен қамту және газға қосылу құнын қолжетімді ету;

- үш ауысымды және апатты мектептерді жөнге келтіру, интернет желісінің сапасын жақсарту;

- ауылдарда мәдени, спорттық нысандардың аздығы және тағы басқа мәселелерді айтуға болады.

Аудан, қалалардың экономикалық дамуында да алшақтық бар. Мәселен, Алматы қаласының маңындағы аудандар мен Талдықорған өңірін салыстыруға келмейді. Бұл тұрғындардың күнкөріс деңгейінен де айқын байқалады.

Бір ғана қарапайым мысал, Іле мен Ақсу аудандарының экономикалық жағдайы жер мен көктей.

Мұндай диспропорцияны болдырмауымыз керек. Аймақтар тең дамуы тиіс. Ол үшін барлық аудандар бойынша облыста бірыңғай экономикалық бағдарлама дайындалуда.

Басты мақсатымыз – кенжелеп қалған өңірлерде индустриалдық аймақтар құру, инвестиция тарту. Жаңа кәсіпорындар салу арқылы жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнестің өрісін кеңейту. Бұл - халықтың тұрмыс жағдайын көтеруге, кіріс деңгейін арттыруға ықпал етеді деп ойлаймын.

Облыс тұрғындарының сексен пайызы ауылдық жерде тұрады. Оларды тұрақты жұмыспен және жалақымен қамтамасыз етуіміз керек.

Мемлекет басшысының негізгі талабы - ашықтық, әділдік және қолжетімділік. Осы принцип негізінде «Қорғас» және «Нұр жолы» кеден бекеттерінің жұмысы реттеліп, бюджет түсімі артады. Қазір онда ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр.

Облыста 57 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Олардың басым бөлігі - тұрмысы төмен топтың өкілдері. Сондықтан тұрғын үй салу көлемін арттыруымыз қажет. Бұл жергілікті басқару органдарының басты бағыты болуы тиіс.

Осының бәрін іске асыру үшін бізге ең алдымен бірлік пен бейбітшілік керек. Онсыз өңірге инвесторларды тарту қиын. Әлеуметтік-саяси жағдайы тұрақсыз жерге ешбір кәсіпкер қаражатын салмайды. Қоғамдық тұрақтылықты сақтауға әр азамат мүдделі болуы керек.

Кейбір жергілікті әкімдердің тұрғындармен байланысы ешбір сын көтермейді. Тәртіпсіздікке қатысқан жастардың іс-әрекеті бірқатар ауылдық округ, аудан, қала әкімдері жұмысының  салғырттығын көрсетті.

Қаланы қиратып-тонаған, сауда орындарын талан-таражға салған, бұзақылық жасағандар аспаннан түскен жоқ. Басым көпшілігі - өзіміздің ортамызда, ауылда өскен 20 мен 30-дың арасындағы жастар.

Мен 4 қаңтарда алаңда митингіге жиналған қауыммен кездесуге шыққанымда талай нәрсеге көз жеткіздім.  Жастардың тәрбиесінде қандай кемшілік жібердік деген ой мені қатты мазалады. Мұның бірнеше себептерін көріп отырмын.

Бірінші, отбасындағы адамгершілік-рухани тәрбиенің жетіспеушілігі деп ойлаймын. Жасы үлкенге құрмет көрсету, сөз тыңдау, ақ пен қараны, дос пен дұшпанды ажырата білу бала жастан қалыптасуы керек. Әкесіндей адамға қол көтеру, тас ату, ордасын ойрандап, шаңырағын ортасына түсіру – халқымызға жат қылық.

Екінші, мектептегі тәрбие беру жүйесі. «Отан үшін отқа түс, күймейсің», - деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, патриоттық ең алдымен адамға, қоршаған ортаға, қоғамның мүлкіне жанашырлықпен қараудан басталады.

Мемлекет мүлкі – халықтың қазынасы. Ол бюджет түсімінен құралады. Залалды қалпына келтіруге жұмсалатын қаржы - сіз бен біздің ақшамыз. Сол сомаға ондаған мектеп немесе сонша мәдени-спорттық нысан салуға және жүздеген шақырым жол жөндеуге болар еді.

Үшіншіден, жергілікті билік пен қоғам өкілдері жол берген кемшіліктерін саралап, тиісті қорытынды жасауы керек.

Президент тергеу шараларын жүргізу барысында азаматтар құқығының бұзылуына жол бермеу керектігін айтты. Әрине, құқық қорғау органдары нақты қылмыскерлерді жауапқа тартады.

Бірақ ниеті таза, наразылығын бейбіт түрде білдіруге шыққан жастармен түсіндіру жұмысын жүргізуіміз керек. Оған ел-жұртына қадірменді ақсақалдарымыз, сөз тізгінін ұстаған азаматтарымыз, ардақты аналарымыз, ой-өрісі кемел жастарымыз тікелей ат салысуы қажет.

Халқымызда «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан шығады?» - деген сөз бар. Наразылыққа шыққан жастардың отбасы жағдайы қандай, кәсіби білімі бар ма, жұмыс істей ме? Осының бәрін жергілікті әкімдіктер үйлестіріп отыруы тиіс еді.

Ендігі жерде оларға көмек беру мәселесін терең қарауымыз керек.

Алдағы уақытта тиісті аудандарға қатысты нақты шешім қабылдайтын боламын.  

Бізге көпшіліктен қашпайтын, елмен қоян-қолтық жұмыс жасайтын әкімдер керек. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты да осы.

Бұл орайда аудан, қалалардағы Қоғамдық кеңестердің құрамын 100%  өзгертуіміз қажет. Оған халықтың сөзін сөйлейтін, көппен жұмыс істей алатын қайраткерлер баруы керек деп ойлаймын.

Жетісу жерінде өсіп-өркендеуге барлық мүмкіндік бар. Халық саны да жыл сайын артып келеді. Осыған сәйкес экономикамызды тұрақты дамытуға күш саламыз.

Халқымызда «Өткенге салауат, ертеңге аманат» деген аталы сөз бар. Болашағымыз жарқын болуы үшін әркім өз отбасында, бала тәрбиесінде, жұмыс орнында және қоғамдық ортада жауапкершілігін арттыруы керек.

Құрметті жерлестер!

Арандатушылардың және шетелден ақпарат таратып отырған жауапсыз адамдардың сөзіне ермей, ел ішінде тұрақтылық пен тыныштық сақтауларыңызды сұраймын.

Барлығымыз бірігіп, елімізді өркендетуге ат салысайық. Ел бақыты – бірлікте. Ынтымақты болайық, қадірлі ағайын!

Назарларыңызға рахмет!

Это может Вас заинтересовать