Туберкулезге қарсы вакцинациялау уақытша тоқтатылды
Қазақстанда екпе жасау жұмыстары уақытша тоқтатылды. Себебі, біздің дәрігерлер қолданып келген жапондық екпеден күдікті зат табылған. Бұл мәліметті өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Алматы облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі.
Нақтылап айтсақ, өндіруші компанияның биыл шығарған 90 мың вакцинасының үш құтысының ішінен қақпақтың сынығы шыққан. Айтуларынша еліміздің денсаулық сақтау мекемелері жапониялық екпеден бас тартып отыр. Оның орнына Үндістаннан ««SERUM» атты екпе әкелінген. Алайда оны Қазақстанға жеткізгенше 2-3 ай уақыт керек. Соның салдарынан елімізде жаңа туған нәрестелер мен 7 жасқа дейінгі балаларға вакцина егу тоқтатылды.
«Алматы облысында жыл сайын туберкулезге қарсы 40 мыңнан астам жаңа туған нәресте және 26 мыңнан астам 6-7 жастағы балалар вакцинацияланады. Өткен кезеңде облыста 20 мыңнан астам бала егілді, олардың ішінде иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің күрделі жағдайлары тіркелген жоқ», - деп атап өтті Алматы облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Сакенұлы.
Балалар жасы инфекциялық аурулар үшін ең осал болып саналады. Бұл жеткіліксіз жетілуіне және ағзаның жалпы төзімділігінің төмендеуіне байланысты. Вакцинация ағзада арнайы антиденелердің түзілуі мақсатында жүргізіледі, осылайша көкжөтел, сіреспе, дифтерия, туберкулез, полиомиелит, қызылша, қызамық, паротит сияқты ауруларға ағзаның қорғаныш қызметін (иммунитет) күшейтеді.
«Балаларына екпе жасатудан бас тартқандардың көбісі діни көзқарастағы адамдар. Әрине, бұл бағытта облыс төңірегінде үлкен жұмыстар жасалып, арнайы кездесулер өткізіліп жатыр. Вакцина алмаған балалар арасында жұқпалы ауру түрлерін жұқтырғандары да бар. Балаларының ауру жұқтырғанын білгеннен кейін ғана ата-аналар екпе жасату жөнінде ойлап, өкінеді»,-дейді Асхат Сакенұлы.
Бүкіл әлемде иммундық-профилактика инфекцияларға қарсы күресуде ең тиімді, үнемді және қолжетімді болып танылған. Қазақстан Республикасында 19 инфекциялық ауруға қарсы вакцинациялау жүргізіледі. Балаларды иммундау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сапалы вакциналар сатып алынады екен.
Туберкулезге қарсы вакцинациялау балалардың арасында туберкулез менингиті және диссемирленген туберкулез сияқты туберкулездың ауыр жағдайларының дамуына жол бермеуге мүмкіндік берді.
Соңғы 10 жылдың ішінде туберкулезбен сырқаттанушылық 1,7 есеге (100 мың тұрғынға шаққанда 2008 жылғы 77,69-дан 2018 жылғы 44,73-ке дейін) төмендеді, өлім 4,3 есеге (100 мың тұрғынға шаққанда 2008 жылғы 5,6-дан 2018 жылғы 1,3-ке дейін) төмендеді.
Бұл деректер балаларды вакцинациялауды қоса алғанда туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жүргізіліп отырған шаралардың тиімділігін растайды.
Фото: Интернет.