Войти через

  • 14°C

Четверг, 25 апреля

Абайдың ұлдары туралы кітап жарық көрді

TINFO
TINFO
Служба новостей

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абайдың ақын ұлдары» атты кітап басылып шығарылды, деп хабарлайды Tinfo.kz.

Кітап хәкім Абайдың дарынды ұрпақтарына арналған. Кітапқа ақынның ұлдары Ақылбай, Мағауия, Турағұл мен немересі Әубәкір Ақылбайұлының көркем туындылары және олардың өмірі мен шығармашылықтары туралы зерттеулер, эсселер мен мақалалар топтастырылған. Жинақтың алтын арқауы – ғұлама Мұхтар Әуезов, көрнекті абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедханұлының еңбектері болып табылады.

«Абайдың ақын ұлдары» кітабының идея авторы - мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, абайтанушы Мұхтар Құл-Мұхаммед. Құнды еңбектің құрастырушысы –Ұлттық кітапхананың ғылыми хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Болат Жүнісбеков. Жазушы осыған дейін «Абай сәулесі» атты зерттеулер мен мақалалар жинағын, көлемі 37,6 баспа табақ, басып шығарған еді.

«Абайтанудың арқатірегі, ғұлама Мұхтар Әуезовтің ақынның дарынды ұрпақтары туралы  терең толғамдары ойымызға өріс ашып, қаламымызға қанат байлады. Ал, мұның қолға алған шаруаның шашауын шығармай, етек-жеңін жинап, дөңгелете атқаруға пайдасы зор болды. Сол сияқты Әуезовтің шәкірт інісі, тілеулес досы, абайтанудың білгірі Қайым Мұхамедханұлының мол мұрасы арқа сүйер тірегімізге  айналып, кітапқа берік негіз – іргестас етіп қаланды. Себебі, қайраткер Қайымның, ғалым Қайымның жанкешті еңбегінсіз осы тақырыптағы бүгінгі де, бұған дейінгі де кітаптардың сәтімен жарық көруі екіталай екені даусыз. Сондықтан Абайдың ақындық айналасын, оның ішінде Ақылбай, Мағауия мен Турағұл және Әубәкір еңбектерін зерттеудегі Қайымдай абзал ағаның еңбегін тағы бір еске алып, жеке тоқталуды жөн көрдік», - делінген автордың алғы сөзінде.

Қалың оқырман Абайдың ақын ұлдарының өлеңдері мен аудармаларын оқи отырып ұлы ақын әрі данышпан әкенің өмір мен өнер мектебінің мәуелі жемісіне тамсанып, «өлсе де өлмегенге тең» зор өнегеге тәнті болады.

 

Это может Вас заинтересовать