Войти через

  • 13°C

Суббота, 20 апреля

Аймақта өңделетін қант қызылшасының елу пайызы Ескелді ауданының үлесінде

TINFO
TINFO
Служба новостей

Апта ортасында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесті. Бұл өңір басшысының аудан халқымен екінші мәрте жолығуы, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі, tinfo.kz хабарлайды

Аймақ басшысы жиын барысында ауданның әлеуетті тұстарын баяндады. Мәселен, Жетісу облысында егілген тәтті түбірдің 37 пайызы Ескелді ауданына тиесілі екен. Алдын ала есептеулер бойынша оның шығымы облыста өңдеуге өткізілетін жалпы өнім көлемінің тең жарысына жуықтамақ. Сол сияқты осы ауданда шағын және орта бизнесте жыл басынан бері бюджетке 679 млн. теңге түскен, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 26 пайызға артық. Алайда, облыс басшысы ауданда әзірге бірде-бір жылыжайдың жоқтығын, жеміс пен көкөніс өнімдерін өңдейтін нысанның болмауын, жеміс бақтарының ескіргенін де тілге тиек етті. Аудан әкіміне осы салалар бойынша инвестиция тартуды тапсырды. Сонымен қатар, пайдаланылмай отырған шабындық, жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруда жүйелілік керегін жеткізді.

Облыс басшысы Бейбіт Исабаев бұған дейінгі кездесулерде көтерілген мәселелердің шешіміне қатысты қабылданған шаралар туралы қысқаша тоқталып, өз баяндамасында ауданның негізгі көрсеткіштері мен назар аударуы тиіс проблемаларына басымдық берді.

Облыс әкімінің сөзіне сүйенсек, аудан қант қызылшасын егуде көшбасшы саналады. Алайда биыл бұл дақыл егістігінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 54 пайызға азайтылған. Оған қоса өнім шықпай қалған алқаптар да бар, орнына соя мен жүгері себілген. Бұл орайда ауыспалы егіс, агротехнология талаптарын сақтауға шаруашылықтар көп мән беруі тиіс.

- Аудандағы дәнді дақылдардың үлесі жалпы егіс алқабының 55 пайызынан астамын құрайды, яғни 54,5 мың гектар. Бұл ретте ауданда бірде-бір тұқым шаруашылығы жоқ, осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Бұл аймақта 50 мыңға жуық ірі қара мал бар, жылына 13 мың тонна ет және 35 мың тонна сүт өндіріледі, 8 сүт фермасы, 4 бордақылау алаңы бар. Соған қарамастан биылғы 9 айдың қорытындысында азық-түліктің барлық түрлері бойынша өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады. Ауданда жайылымдық жерлердің тапшылығы әлі де проблемалық мәселе болып қалып отыр. Анықталған 54,6 мың гектар пайдаланылмаған жерді қайтару жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Мемлекет меншігіне тек 3,9 мың гектары қайтарылды. Бұлай болмайды, жұмысты ширатыңыздар! – деді Б.Исабаев.

Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ұзындығы 50 шақырымға жуық «Бұрхан бұлақ» сарқырамасына дейінгі жолды қайта жаңарту жүргізілетінін де айтып өтті.

Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де ауданда өзекті. Мәселен, мұнда тұрғын үй алуға 1271 адам кезекте тұр, 2021 жылмен салыстырғанда кезектегілер саны 190 адамға көбейген. 2025 жылға дейін 4 көп қабатты үй салуға облыстық бюджетке өтінім беретінін айтқан аудан әкімінің жауабына қанағаттанбаған Бейбіт Исабаев: «Мұндай қарқынмен кезектегі тұрғындарды қалай қамти аласыздар? 60 пәтерлік тағы бір көп қабатты үй салуды жоспарға қосайық», - деп, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қосымша тағы бір тұрғын үй құрылысына қаржы бөлу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Ауданда өткен жылы Қарабұлақ ауылының ауыз суының мәселесі шешілсе, өткен аптада Бақтыбай ауылындағы су құбырының ақауларын жөндеу аяқталып, су берілген. Дегенмен өз міндетіне жауапсыз қарайтын мердігерлердің де бар екенін тілге тиек еткен облыс әкімі олардың жұмысына жергілікті атқарушы орган тарапынан қатаң қадағалау керектігін ескертті. Мәселен, Ақтұма ауылында ауыз су жүйесін жасауға тиіс «Монолит» ЖШС жұмысты дер кезінде аяқтамай, созбаққа салғандықтан тұрғындар тиісті органдарға шағымданған, соның нәтижесінде мердігер құрылысты қузап, қазір 99% бітірген. Ақешкі ауылына ауыз су жүргізуге тиіс «Дәнекер» ЖШС да өз ісіне тиянақтылық танытпай, жұмысын аяқтамаған. Қазір осы мердігерді жосықсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берілген. Облыс әкімі аудан басшысына осы істі қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Жиында өңірдегі газдандыру, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларына да көңіл бөлініп, тиісті бағыт-нұсқаулар берілді.

Мұнан соң залдан сұрақтар қойылып, тұрғындар өзекті мәселелерін ортаға салды. Сауал қойғандардың басым бөлігі елді мекендерге клуб немесе мәдениет үйін салып беруді өтінді. Себебі ауыл тұрғындары қандай да бір жиын болса, ауыл мектептерінің шағын мәжіліс залына жиналуға мәжбүр. Мұндай мәселені Көкжазық, Жалғызағаш, Қоңыр ауылдарының тұрғындары көтерді. Облыс әкімі шағын елді мекендерге блокты-модульді конструкциялардан жылдам уақытта тұрғызылатын нысандар салынатынын, соның ішінде аталған ауылдарға да клубтар мен мәдениет үйі осындай негізде салынып берілетінін айтты, олар алдағы 3 жылдың жоспарына кіргізілген.

Сол сияқты аудан тұрғындары ауыл аралық, ауыл ішілік жолдардың мәселесін көтерді. Мәселен, Сырымбет ауылының тұрғыны Халық Хасенов Балпық би көшесінің жолын, Ақын Сара ауылының тұрғыны Темірхан Шәріпов Алматы-Өскемен трассасы бұрылысынан ауылға дейінгі жолды жөндеп берсе деген тілегін жеткізді. Ешкіөлмес ауылынан аудан орталығына апаратын жол да назар аударуды қажет етеді дейді тұрғындар. Берілген жауаптар барысында аталған жолдардың жөндеу жұмыстары алдағы бір-екі жылдың жоспарына енгізілгені айтылды.

Қаратал ауылы Теректі бөлімшесінде төрт үйдің шөбі өртенгені және осы іске кінәліні табуға ықпал етуді сұраған ауыл тұрғындарының жанайқайын естіген облыс әкімі аудандық полиция бөлімінің басшысына осы істі жеке бақылауына алуды тапсырды. «Өрт неден шықты, қасақана жасалса, күдікті анықталды ма, жоқ па, мұндай қастықтың түп-төркіні неде жатыр – соның бәріне үстірт қарамай, терең зерттеңіздер», - деді Б.Исабаев.

Сонымен қатар жиында шаруашылық субъектілерінің арасындағы өзара даулар, көшедегі иттер мен мысықтарға паналайтын орын ашу, ауыз су, газдандыру жобаларын жылдамдату сияқты сұрақтар мен ұсыныстар айтылды.

Айта кетсек, осы күні облыс әкімі Ескелді ауданының азаматтары үшін жеке қабылдау өткізді.

Это может Вас заинтересовать