“Әлемдік техникалық және кәсіптік, орта білім беру кеңістігіндегі өзара әрекеттестік” атты халықаралық семинар өтті
Жетісу облысында техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық серіктестікті дамытуға бағытталған «Әлемдік техникалық және кәсіптік, орта білім беру кеңістігіндегі өзара әрекеттестік» тақырыбында халықаралық семинар өтті.
Семинардың ашылу рәсімінде Жетісу облысы білім басқармасының басшысы Жүнісов Даурен Хабдолданұлы құттықтау сөз сөйлеп, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруде халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
Пленарлық бөлімге Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің деканы Ләззат Тұрғынбайқызы Әлдібаева, Бішкек құрылыс, сәулет және басқару колледжінің өкілдері, Алматы құрылыс-техникалық колледжі мен Меркі колледжінің басшылары, «Талап» КЕАҚ-тың жетекші мамандары қатысты. Спикерлер халықаралық тәжірибе, білім беру мазмұны мен әдістемесі, еңбек нарығымен байланыс туралы өз ойларымен бөлісті.
Семинар барысында әлеуметтік серіктестік мәселелері де қарастырылды. «ТАТЭК» АҚ оқу орталығының жетекші инженері Дана Құдайбергенқызы Нуршанова электржабдықтау саласы бойынша мамандарды жұмыспен қамту тақырыбын қозғады. Жетісу университетінің мансап және жұмысқа орналастыру орталығының директоры Самал Алпысбекқызы Смағұлова бітірушілерді жұмыспен қамту бағытында ұсыныстарын білдірді.
Тәжірибе алмасу алаңында колледж директорлары мен сала мамандары халықаралық ынтымақтастық, академиялық ұтқырлық, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, эмоционалдық және әлеуметтік дағдыларды дамыту мәселелері бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар қорытындысы бойынша белсенділік танытқан қатысушылар Жетісу облысы білім басқармасының алғыс хаттары және сертификаттарымен марапатталды.