Войти через

  • 12°C

Суббота, 20 апреля

Алматы облысында 3 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады

TINFO
TINFO
Служба новостей

2021 жылы Алматы облысында «Бастау Бизнес» оқыту жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша 3000 адамды оқыту жоспарлануда. Бірінші лекті оқыту 26 сәуірден басталады. Бұл туралы «JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңында өткен брифинг барысында Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Сәния Наурызбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Tinfo.kz.

Спикердің айтуынша, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Бастау Бизнес» жобасы азаматтарды кәсіпкерлік дағдыларға үйретуге бағытталған. Өткен жылы жоба бойынша өңірдің 3 022 жұмыссыз және ісін жаңа бастаған кәсіпкері бизнестің қыр-сырын үйреніп, 2039 адам  жалпы сомасы 1,8 млрд теңге қаржыландыруға қол жеткізді.

«Биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 3000 адамды оқыту жоспарланған. 19 сәуірден бастап ҰКП жүйесіндегі atameken.co сайтында қатысушыларды тіркеу басталды. 26 сәуірден бастап 1 лек бойынша оқыту басталады. Аудандар мен қалаларда осы жобаны сүйемелдейтін бизнес-жаттықтырушылар мен кеңесшілер анықталған. Оқыту 5 ағын бойынша ұйымдастырылып, ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін жалғасады. Карантиндік шараларға байланысты оқыту онлайн форматта жүргізіліп, 21 күн ішінде өткізіледі», - деді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Сәния Наурызбаева.

Жобаға Халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар, зейнеткерлікке жетпеген 50 жастан асқан адамдар, NEET санатындағы жастар, аз қамтылған немесе көп балалы отбасы мүшелері, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің мүшелері, қоныс аударушылар мен қандастар қатыса алады. Жазылу үшін үміткерлер тұрғылықты жері бойынша Халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгіну керек. Кейін берілген жолдама бойынша «Атамекен» өңірлік палатасына немесе оның филиалына жүгінеді немесе atameken.co сайты арқылы тіркеледі. Ары қарай «Атамекен» қатысушыла арасында оқу жүргізіп, оның қорытындысы бойынша сертификат тапсырылады. Осы сертификатпен жоба түлегі 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант немесе 6% жеңілдетілген несие алуға мүмкіндігі болады.

Еске салсақ, 2017-2020 жылдары аралығында Алматы облысында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 13 505 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқып шығып, оның ішінде 5 137 жоба 74,2 млрд теңге сомаға қаржыландырылды.

Алматы облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Әлия Есімжанованың айтуынша, ағымдағы жылы облыс бойынша 49 979 жұмыс орнын, оның ішінде 26 258 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылған, оның ішінде 11,6 жұмыс орны мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылды.

2021 жылы «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру үшін 17,8 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат кәсіптік оқытуға, шағын несиелендіруге, гранттарға, әлеуметтік жұмыс орындарын құруға бағытталатын болады.

Это может Вас заинтересовать