Войти через

  • 20°C

Суббота, 20 апреля

Алматы облысында этнос жастары арасында «Абай оқулары» ұйымдастырылды

TINFO
TINFO
Служба новостей

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай этнос жастары арасындағы «Абай оқулары» облыстық байқауы мәресіне жетті. Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты, бүгін Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев байқау жеңімпаздарын zoom бағдарламасы арқылы құттықтап, марапаттау рәсімі алдағы уақытта өтетінін жеткізді, деп хабарлайды Tinfo.kz.

Онлайн байқаудың ережесі бойынша әр қатысушы шығармаларды алдын-ала бейнежазбаға түсіріп, басқармаға жолдайды. Сондай-ақ, түсірілген бейнежазбалар #Абай175байқау хэштегімен басқарманың әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланып отырды.

Қатысушылардың санына шектеу қойылған жоқ. Байқауда көркемсөз оқу және ән айту шеберлігін қатар меңгерген 18 бен 29 жас аралығындағы 40 үміткер өнер көрсетті.

Үміткерлер екі кезең бойынша бақ сынады.

Бірінші тапсырма көркемсөз оқу шеберлігін анықтау үшін, Абай шығармаларын (білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармасын, қара сөзін) немесе М. Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа орындау болса, екінші тапсырма әншілік қабілетін таныту. Онда үміткерлер халық немесе Абайдың әндерін орындады.

Байқауға Абай атындағы мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмақыз Әлімбекова, С. Аронұлы атындағы облыстық филармонияның әншісі Сая Есенгелдинова, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Әбілқайыр Оралов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Юлия Спирченко және облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының әдіскері Жеңіс Жолдыбаев төрелік етті. Қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтауда олардың онлайн түрде орындалған тапсырмаларының жалпы қаралымын, тыңдалымын, бағалануын ескере отырып, өздерінің дауыс беру қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтады.

Ұлы ақынның өлеңдерін мүдірмей мәнерлеп, жатқа айтқан өнерпаздар аз болған жоқ, алайда байқаудың талабы тек бұл ғана емес еді. Сондықтан онлайн оқырман мен қазылардың ерекше көзайымына айналғанымен, байқаудың барлық талаптарын орындай алмаған үміткерлер де болды.

Талғарлық Гушкелова Алина Абайдың он сегізінші қара сөзін асқан шеберлікпен, тіл тазалығын сақтай отырып, мәнерлеп оқи алды. Ал «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңін оқыған Ягель Анжелина оқырман тарапынан бір тәулікте 170 жақсы пікір жинап үлгерген.

Алайда, үміткерлердің көркем мәтінді таңдау және оқу шеберлігіне, қазақ тілінде орфоэпиялық нормаларды сақтап сөйлеуіне, ән орындау шеберлігіне, өнер көрсету мәдениетіне және қазақтың ұлттық киім үлгісіне баса назар аударылды.

Байқау қорытындысы бойынша, өнер көрсетуде қарсыластарынан оқ бойы озық тұрған жаркенттік Дильназ Шарипова бас жүлдеге ие болды.

Сондай-ақ, барлық тапсырманы сақадай-сай етіп орындап, өзінің осал қарсылас емес екенін танытқан Лысенко Инна (Кербұлақ ауданы) басқарманың бірінші дәрежелі дипломына лайық деп танылды.

Жүлделі II орынды Аманкулова Карина (Көксу ауданы) мен Аслан Оглы Эмина (Қаратал ауданы) алса, III орын Ягель Анжелина (Алакөл ауданы) және Воцке Ангелинаға (Еңбекшіқазақ ауданы) бұйырды.

Ал ынталандыру сыйлығына ие болған жеңімпаздар: Кенжеева Рабигуль (Ескеді ауданы), Бубехтухтаева Розабуви (Райымбек ауданы), Апандиева Сахидиям (Қапшағай қаласы) болды.

Бұл сайыста этнос жастары қазақтың ұлттық киім үлгісін кию арқылы ортақ отанға деген махаббат пен қазақы рухты бойларына сіңіріп, ұлы ақын шығармаларын жаттау арқылы ел бірлігінің басты кілті – қазақ тіліне, Абай тіліне тереңірек бойлай түсті.

Это может Вас заинтересовать