Войти через

  • 23°C

Четверг, 28 марта

Алматы облысында жас кәсіпкер топырақты пайдаланбай жемшөп өсіруде

TINFO
TINFO
Служба новостей

Алматы облысының 26 жасар тұрғыны Нұрас Тәлім гидропоника көмегімен жасыл жемшөп өсіре бастады. Гидропоника топырақты пайдаланбай, құрама жемге балама бола алатын экологиялық таза өсімдікті өсіру тәсілі, деп хабарлайды Tinfo.kz.

Нұрас кәсібін мемлекеттік бағдарламаға қатысудың арқасында бастап отыр. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары жас кәсіпкерге идеясын іске асыру үшін «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасы бойынша оқытудан өтіп, кейін мемлекеттік грант байқауына және жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасына қатысу мүмкіндігін ұсынды.

Кәсіпкер Талғар ауданының Қарабұлақ ауылында тұрады. Негізгі мамандығы - инженер-техник және автоэлектрик. Алайда, мамандығы бойынша ұзақ жұмыс істемеді. Себебі кәсібін ашып, өзіне жұмыс істеуге және қаржылай тәуелсіз болуға ұмтылды.

«Кәсіпкер болу мақсатым болды. Қоғамға бір пайдамды тигізіп, алға қойған армандарды орындағым келеді. «Бастау Бизнес» жобасына келіп, өзімнің арманыма бір қадам жасадым деп есептеймін. Міне, сондықтан да қиындығы мен қуанышы қатар кәсіпкерлік жолды тандадым. Ұзақ уақыт бойы айналысатын бизнестің түрін зерттеп, гидропоника сияқты инновациялық бағытты таңдадым. Бұл сала біздің елімізде енді ғана дами бастады, әлеуеті жоғары», - дейді кәсіпкер.

Өткен жылы Нұрас «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша гранттар байқауына қатысты. Оның өсіп келе жатқан дәнді пайдаланып, гидропоникалық жасыл жемшөп өсіруді ұйымдастыру және оны түйіршіктеу жобасы инновациялық деп танылып, 2,5 млн теңге көлемінде грант бөлінді.

Кәсіпкердің айтуынша, қаражатқа шағын жылыжай салып, гидропоникалық қондырғы, жабдықтар, дәндер сатып алынды. Қазір жылыжайда арпа, бидай және жүгерінің бірнеше түрі өсіріледі, сонымен қатар бидай өскіндерінен дәрумендер шырыны алынады. Шағын жылыжайдың айына бір тоннаға дейін жемшөп өсіруге қауқары бар. Шөп топырақсыз өсірілетіндіктен, қосымша салымды қажет етпейді. Тек жылыжайда әрқашан ерекше микроклимат сақталуы керек.

«Инновациялық жобамызға бірнеше ай ғана болды. 2020 жылдың соңынан бастап жұмыс істей бастадық. Қазір серіктестермен әріптестікті жолға қойып жатырмыз, бірқатар мүдделі сатып алушыларымыз бар. Жалпы, жасыл жемшөп малдың негізгі тамақтануына арналған жем қоспасы. Гидропоникада өсірілген жасыл жемде малға қажетті барлық қажетті қоректік заттар бар екендігі дәлелденген. Сондықтан пайдалы, әрі сіңімді ас болады. Ең бастысы, құрама жемге балама бола алатын экологиялық таза өнім», - деп атап өтті жас кәсіпкер.

Енді кәсіпкер өңірдегі ірі мал шаруашылығы кешендерімен ынтымақтастықты дамытпақшы. Сондай-ақ келесі жылы малға арналған түйіршіктелген жасыл жемшөп өндірісін ашуды жоспарлап отыр.

Это может Вас заинтересовать