Cенатор Төлеубек Муқашев Сарқанға келді
Бүгін Сарқан ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Парламентінің Сенат депутаты Төлеубек Муқашев аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, аудандық Қоғамдық Кеңес мүшелері, аудандық ардагерлермен кездесу өткізді, деп хабарлайды TINFO.KZ.
Жиында Сенат депутаты президент Жолдауын жүзеге асыру мақсатында бірнеше Заңдарға қол қойылғанын айта келе, «Педагог мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңа формат бойынша жәрдем ақы беру сияқты маңызды болып жатқан өзгерістерге кеңінен тоқталып, түсіндірді.
Жиында Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жамал Құлахметова сөз алып, ұстаздарға қатысты Заң жобасында талқыланған барлық ұсыныстары аталған заңда толық ескерілгендігін атап өтті.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің басшысы Панар Имангазиева ұстаздардың 16 сағаттық апталық жүктемесінің 2021 жылы ғана енгізілетіндігін айтып, заңда мұғалімдердің зейнетке шығудағы еңбек өтілі ескерілмегенділігіне тоқталса, ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұржан Адилова АӘК-нің нақты ережелері әлі бекітілмегендігін айтты.
Фото: Сарқан ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
