Войти через

  • 15°C

Четверг, 25 апреля

Депутаттық фракция сайлауалды бағдарламаны іске асырудың Жол картасын талқылады

TINFO
TINFO
Служба новостей

Бүгін облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталовтың қатысуымен облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның отырысы өтті, деп хабарлайды Tinfo.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында «Nur Otan» партиясы Алматы облысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасының жобасы талқыланды. Осы тақырыпта негізгі баяндаманы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов жасады.

Баяндамашының айтуынша, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында Жол картасы әзірленіп, ондағы міндеттер Алматы облысы аумақтарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру жоспарымен үйлестірілген. Жалпы Жол картасында жеті бағыт бойынша 25 көрсеткіш және алдағы 5 жылға 130 іс-шара қарастырылған. Қаржы көлемі 2 трлн. 678 млрд. теңге, соның 428 млрд. теңгесі – республикалық бюджет, 523 млрд. теңгесі – жергілікті бюджет, 1 трлн. 727 млрд. теңгесі – жеке инвестиция.  

2021-2025 жылдары жалпы инвестиция көлемі 772 млрд. теңге болатын 51 жоба жүзеге асырылатын болады, соның 256 млрд. теңгелік 5-еуі Трансұлттық компаниялардың қатысуымен іске аспақ.

Ауыл шаруашылығында басымдық берілетін дақылдардың алқабын кеңейту жалғасады. 30 мал бордақылау алаңын, 22 тауарлы сүт фермасын құру, Еңбекшіқазақ ауданы мен Қапшағай қаласында көтерме-тарату орталықтарын салу жоспарланған. Осының бәрі ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемін 1,3 трлн. теңгеге жеткізуге, еңбек өнімділігін 2,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар баяндамашы туризм, тұрғын үймен қамту, ауыз су, жол сапасын жақсарту, газдандыру, денсаулық сақтау,  білім беру салалары бойынша да атқарылатын іргелі істерден хабардар етті.

«Жол картасына» қатысты өздерінің пікірлерін білдіруге ниет танытқан бірнеше депутат сөз алып, ой-толғамдарын жеткізді. Бұл ретте облыстық мәслихат жанындағы экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағасы Асқар Сүлейменов, денсаулық сақтау, білім, халықты әлеуметтік қорғау және мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Римма Салықова пікір білдірді. Мұнан соң депутаттар Жол картасының жобасын Саяси Кеңес бюросына ұсынуға бірауыздан келісім берді.

Жиынның күн тәртібінде партияның депутаттық фракциясы жұмысына қатысты басқа да мәселелер талқыланды.

Кездесу соңында сөз алған Амандық Баталов:

- Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, үлкен мерейлі жыл. Сол сияқты Талдықорғанның облыс орталығы мәртебесіне ие болғанына да 20 жыл толады. Еліміз қиын кезеңдерді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел саясатының арқасында еңсеріп, бүгін осындай жетістігі мол жылдарға жетіп отырмыз. Сондықтан да 2021 жылды Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жылы деп жариялады. Талдықорған қаласында да жылу, жарық болмаған, үйлер бос қалған кезеңдер болды. Мемлекеттің қолдауының арқасында қала қазір облыс орталығы ретінде көркейіп, дамып келеді. Тұтас Алматы облысы қиындықтарға қарамастан 2020 жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Күрделі кезеңде бірлігімізді көрсете алдық, бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Әрбір адам жәрдем жасауға, қол ұшын беруге деген ниет-пейілін білдірді. Мәселен, өткен жылда мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген үйлерді қоспағанда, тек меценаттардың өзі жеке қаржыларына көп балалы отбасыларына 180 үй сатып алып берді. Волонтерлар да көмек шараларында барынша белсенділік танытты. Біз індетке байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, облыс экономикасын одан әрі дамытуға нақты жоспарларымызды жасадық. Оны жүзеге асыруға Үкімет қолдау танытып отыр. Сондықтан алдағы міндеттерді, депутаттар, өздеріңізбен бірлесіп атқарамыз деп ойлаймын, - деді сөзінің қорытындысында.

Это может Вас заинтересовать