Войти через

  • 17°C

Четверг, 25 апреля

Ескелдіде құрылыс жұмыстары қарқынды

TINFO
TINFO
Служба новостей

Қай дәуірде болмасын сәулет өнері елдің, аймақтың даму белесін айқындайды. Бұл - тарихи факт. Қаншалықты құрылыс нысаны, ғимараты көп әрі сәулетті болса, сол елдің дамуы соншалықты сипатталады. Әрине, еліміздің қай жерінде де, қай өлкесінде де құрылыс қарқынды. Әлемнің тоғызыншы территориясы саналатын ұланғайыр даланың бір пұшпағы. Ескелді ауданында да құрылыс жұмыстары қарқынды. Жыл сайын аудан жұртшылығы жаңадан бой көтерген су жаңа ғимараттардың тұтынушысы болып жүр. Жаңа мектеп, жаңа балабақшаның қызығын осы ауданның тұрғындары шындап сезінуде, tinfo.kz хабарлайды

Мәселен, аудан орталығы Қарабұлақ ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 60 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй үстіміздегі жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Шамамен жыл соңына дейін 7,3 мың шаршы метр баспана пайдаланылуға ұсынылады деп күтілуде. Аудан әкімдігінің дәлелінше, атаулы бағдарлама бойынша салынған көп пәтерлі үйден 60 отбасы баспана алады. Олар жай отбасы емес, халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде 15 көп балалы отбасы, 33 халықтың аз қамтылған топтарына жататын отбасы, 12 жетім балалар иемденеді. Сондай-ақ, 2023 жылдың шілдесінде тағы бір 60 пәтерлі баспана пайдалануға беріледі. Аудан әкімдігінің жоспары осылай. Жуырда Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев облыстық құрылыс басқармасына ауданға тағы бір 60 пәтерлік көп қабатты тұрғын үй салуға қаржы қарастыру жайын тапсырды. Жалпы ауданда баспана алу кезегінде 1271 адам тұр.

Медицина нысандарын салуды мемлекет басшысы Қ.Тоқаев әр дәстүрлі Жолдауында нықтап айтып жүр. Өйткені халықтың саулығын қалыптастыру үшін кадр тапшылығын шешу ғана маңызды емес, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген нысандар да аса қажет. Мемлекет басшысы жуырда ғана Жетісу облысында жаңадан 110 медициналық нысанға сұраныс туындап отырғанын сөз еткен еді. Бүгінде өңірде осы сұранысты қамтамасыз ету үшін қарқынды жұмыс бар. Мәселен, Ескелді ауданында жыл соңына дейін 4 блокты-модульді медициналық пунктер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл медициналық нысандар ауданға қарасты Биғаш, Теректі, Қоржынбай, Абай елді мекендерінде салынуда. Аудан әкімдігінің жоспарына сай, 2023-2024 жылдары Өтенай, Екпінді, Жеңдік, Теңлік, Бөктерлі, Ақтасты, Ақтұма, Ақешкі, Көктөбе және Өрқұсақ ауылдарында қосымша 10 блокты-модульді медициналық пункттер салу жоспарлануда. Сондай-ақ, қала мен аудан орталығы арасында орналасқан іргелі Шымыр елді мекенінде де дәрігерлік амбулатория салу көзделсе, Жалғызағаш, Баисов, Қайнарлы, Жастар ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы жоспарлануда.

Сапалы білім үшін – заманауи жабдықталған білім ошақтарының да маңызы зор. Бұл ретте Қарабұлақ ауылының іргесіндегі Ешкіөлмес елді мекенінен 200 орындық жаңа мектеп бой көтереді деп күтілуде. Құрылыс нысанын салатын жер учаскесі де нақтыланған. Жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, ескіні жөндеу, қайта жаңғырту арқылы ескі ғимараттарды қалпына келтіру арқылы қажеттілікті өтеуге болады. Аудан орталығы Қарабұлақ ауылындағы «Березка» балабақшасы жақында тұрғындар игілігіне пайдалануға беріледі. 140 орынға шақталған жаңғырған балабақшаға қажетті жабдықтар мен керекті жиһаздар сатып алынған. Қазіргі таңда нысанды тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 2023 жылға Қаратал ауылында мәдениет үйінің құрылысы жоспарлануда. Бұл да ауыл жұрттылығының қажеттілігі негізінен жүзеге аспақ

Айтпақшы, Ескелді ауданы қысқы спорт түрлерін дамытуға әбден лайық. Жалпы елімізде спорттың осы түрі өзгелеріне қарағанда кенжелеп келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Tekesu Outdoor Center» тау-шаңғы базасы негізінде шаңғы-биатлон кешенін салу мәселесі қарастырылуда. 1200 гектар жерге орналасатын нысан мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асады.

Ауданда құрылыс жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақыттарда ескелділік ағайынның көз қуанышы болатын нысандар бой көтеріп, аудан жұртшылығының барлық қажеттіліктері өтелмек.

Д.Садық

 

Это может Вас заинтересовать