Войти через

  • 17°C

Пятница, 19 апреля

Ескелділік жастар игі бағдарламаның игілігін сезінуде

TINFO
TINFO
Служба новостей

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Мұны біз емес, бізге дейінгілер айтып кеткен. Алайда, жастар арасында жұмыссыздық мәселесі соңғы уақытта жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай жиі бас көтеріп жүр. Оның да өз себебі, өз уәжі бар. Мәселен, жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін жастар еңбек жолын қаладан бастағысы келеді. Қалай дегенмен, ірі орталық кімді де болмасын қызықтырмай қоймайды. Қалаға бірнеше жылда бой үйреткендер кеткісі жоқ. Алайда қос қолға бір күрек сұрағандардың дәмесі зор болғанмен, қажетіне сай жұмыс таппай талайлар сенделіп кетеді. Нәтижесінде диплом сандық түбінде шаң басып, «қажетсіз» дүниеге айналуда. Қазір жастардан «қайда жұмыс істейсің» деп сұрасаң, көпшілігі «жұмыс жоқ», я болмаса «мамандығыммен емес» деп жауап қатады. Мамандығы бойынша жұмысқа орналасу «арманға» айналған. Осы жағдайға байланысты тұңғыш президенттің қолдауымен «Дипломмен ауылға» жобасы жүзеге аса бастаған еді. Бағдарламаның бағыты дұрыс. Дегенмен кей жастар мемлекет қарастырған мүмкіндіктен құр алақан қалуда. Рас, бүгінде жастар ауылға барғысы келмейді. Білікті жас мамандар тұрмыстық жағдай мен жайлылықтың жоқтығынан ауылға жол салмайды. Шыны керек, жағдай жасалмаған, көгілдір отын жоқ, тіпті ауыз суды сатып ішетін, жолы нашар, тағысын тағы кемшіліктері көп ауылдарға қалада білім алған жастардың дені барғысы жоқ. Мемлекет басшысы бір сөзінде: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек. Өйткені, елді дағдарыс кезінде асырайтын – ауыл. Ал, ауылда жұмыс болу үшін, ол қаланы асырай алу үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет» деген еді. Мемлекет басымдық берген «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жайы қалай? Аталмыш бағдарлама елді мекендердегі маман тапшылығын шешуге қалай әсер етуде? Осыған тоқталсақ... - tinfo.kz хабарлайды

Ескелді ауданына медицина, білім беру және мәдениет саласына білікті, білімді жас мамандар келіп жатыр. Жұмыс іздеген жастарға да бұл бағдарлама қолайлы болып отыр. Сонымен бірге баспаналы болуға мүмкіндік қарастырылған. Бұл біздің сөз емес, “Ескелді ауданының экономика және қаржы бөлімі” мемлекеттік мекемесі мамандарының сөзі. Жалпы, ауылдық жердің кадрлық мәселесін шешуге бағытталған бағдарламаның негізі сонау 2009 жылы қаланғанымен, сан түрлі өзгеріске ұшырап, бүгінде жүйелі жолға салынған. Мәселен, еліміздің Ұлттық экономика министрінің 30.09.2020 жылғы № 72 бұйрығымен өзгерістер еңгізіліп, «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидалары» болып жаңа редакцияда бекітілген. Демек, жаңа өзгеріске сай, атаулы бағдарлама нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың да кадрлық мәселесін шешу жолға қойылған.

“Ескелді ауданының экономика және қаржы бөлімі” мемлекеттік мекемесі мамандарының сөзіне сенсек, атаулы бағдарламаның екі артықшылығы бар. Біріншісі – баспаналы болу. Бағдарламаға қатысушы 0,01 пайыздық мөлшерлемемен 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бюджеттік несиеге қол жеткізеді. Бар-жоғы 15 жылға. Бұл қаражатқа бағдарлама қатысушысы баспана алуы тиіс. Екінші мүмкіндік – көтерме жәрдемақы. “Дипломмен ауылға” бағдарламасына қол жеткізуші 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз жәрдемақыға қол жеткізеді. Бағдарлама қатысушысы осы мүмкіндіктерге қол жеткізген соң, үш жыл жұмыс орнын ауыстырмай, бағдарламаға қол жеткізген ауылда қызмет етуі тиіс.

Айтқандай, Ескелді ауданы бойынша жыл басынан бері 50 маман бюджеттік несиеге қол жеткізген. Сала мамандарының сөзінше, осынша маманға 229 млн. 725 мың теңге ауданның қаржы қалтасынан қаражат бөлініпті. Сонымен қатар, 50 маман көтерме жәрдемақыға қол жеткізген. Осынша маманға 15 млн. 315 мың теңге қаржы бөлінген. Мол мүмкіндікке қол жеткізіп, туған жерге туын тіккен әр маман осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына леп болады деген сөз.

“Дипломмен ауылға” бағдарламасына қол жеткізгендердің бірі – Лаура Дарханқызы. 1995 жылдың тумасы Ескелді ауданына қарасты Шымыр ауылындағы Мәншүк Мәметова атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша оқытушы болғанына бір-екі жыл болған. Орайы келісіп, үш бала тәрбиелеп отырған шаңырақ жуырда ғана баспаналы болды. Жастарға мүмкіндікке айналған бағдарламаны жүзеге асырушыларға жас маман алғыстан өзге айтпайды.

 - Бағдарламаның қатысушысы болғанымда жолдасым да, мен де қатты қуандық. Сыр өңірінде дүниеге келіп, Жетісу облысына қоныс аударғанда жастар үшін игілікті бағдарламаға қол жеткізіп, баспаналы болдық. “Баспана -бас қайғы” деп жүреді талайлар. Екі қолға бір сайман табылар, бірақ, алған біліміңді жүйелі пайдаланып, ауылдық жердің әлеуетін арттыруға күш жұмсағаннан асқан не бар?! Шын мәнінде бағдарлама елім-жерім деген азаматтарға арналған. Мұны түйсініп, әрбір жас ауылға, елді мекендерге мойын бұруы тиіс. Әрі баспаналы болады, әрі жұмыссыз жүрмейді. Бағдарламаны жасақтаған әр елағасына, оны жүйелі жүзеге асырып отырған жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне алғаусыз алғыстан басқа айтарымыз жоқ, - дейді Лаура Дарханқызы.

Ауылым, туған жерім деп еміренген жастарға бағдарлама шынын да үлкен мүмкіндік. Сол мүмкіндікті жетістікке айналдыру жастардың қолында. Бір реттік жәрдемақысы, тұрғын үй алуға жеңілдетілген несиесі талайдың түсіне кіріп жүр. Түсіндегісін өңіне айналдырғандардың бірі – Ажар Тәңірбергенова. Алдабергенов ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияда мейірбике болып жүрген кейіпкеріміз бағдарламаның жастарға бақ екенін айтады.

–Дәл менің саламда артықшылықтар өте көп. Алдымен ауылдың адамдары көп нәрседен хабарсыз. Сондықтан оларға толық ақпарат беру арқылы жақын байланыс орнатуға тырысамыз. Барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп отырамыз. Мен өзім барлық науқасты қабылдайтын дәрігермен бірге қызмет ететін мейірбике болған соң көп тәжірибе жинауға мүмкіндік туды. Қандай науқас келсе де алғашқы көмекті біз көрсетеміз. Сол арқылы өз біліктілігімізді арттырамыз. Бұл бүгінгі еңбек жолын бастаған жастар үшін ауадай қажет деп ойламын. Ауылдық жердің тағы бір артықшылығы қалалы жерлерде өтетін семинарларға бірінші кезекте бізді жібереді. Бұл дегеніміз бізге берілген мүмкіндік, білім алуымызға жағдайдың жасалып отырғаны. «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жандандырып, ауылымызға жастарды тарту керек, зейнеткерлік орынға қолында дипломы бар жас мамандарды жұмыспен қамту керек деп ойлаймын. Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді. Жастарға айтатыным ауылға келуге қорықпаңыздар, ауылды дамытуға үлес қосыңыздар, мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланыңыздар. Еліміздің болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, білімді жастардың қолында. Оқыңыздар, білім қуыңыздар, сол білім нәрімен ауылымыздың көркеюінің бір себепшісі – жастар – дейді Ажар Тәңірбергенова.

Келесі кейіпкеріміз де ауылын көркейтуді мақсат еткен жан. Есбол Болатханұлы 1999 жылы желтоқсанның 10-жұлдызында жарық дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп гимназиясын тәмамдаған соң, І.Жансүгіров атындағы Жетісу Университетінде білімін шыңдаған. Жоғары оқу орнынан дайын маман болып шыққан соң өзі түлеп ұшқан мектепке тарих пәнінің мұғалімі әрі жас маман боп жұмысқа кіріскен. Үстіміздегі жылдың маусым айында бағдарламаға қол жеткізіп, 2 бөлмелі пәтер сатып алған.

 – Расымен, қазіргі уақыт – білімді жастардыкі. Олар мемлекет берген мол мүмкіндікті пайдалана білуі керек. Ата-анасы оқытып тоқытты. Сол алған мамандығын одан әрі жетілдіріп, өскелең ұрпақтың бойына сіңдіру керек. Артына жақсы із қалдыру әрбір жастың мақсаты болуы тиіс. Шыны керек, бүгінде «Дипломмен – ауылға» келген жастардың қатары көбеюде. Қуантарлығы осы. Ал мен таңдаған мамандық жаныма жақын, сырласым әрі арманымның бір бөлігі, – дейді сөз арасында жас маман.

Ауыл қашан да тоқшылықтың қайнар көзі. Осы тұрғыда іске қосылған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тигізер пайдасы орасан. Атаулы бағдарламаға жастардың жанын сала қатысып жатқаны белгілі. «Ел ертеңі – жастар» деген бабалар сөзіне сай мемлекет тарапынан жастарды қолдау ісі бұрыннан күн тәртібінен түскен емес. Жастарға көрсетіліп жатқан қолдауға ие болған Байысов атындағы орта мектептің кітапханашы маманы Райхан Мажитова. Ол Талдықорған қаласы «Білім» колледжінің «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша тәлім алған, 2020 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында өз шаңырағына қоныстанды.

 – Әр кезеңнің өз қозғаушы күші бар десек, бүгінгі жаңа заманның кілтін қолына ұстаған жастар білімді, білікті әрі қабілетті. Жастар үшін ұйымдастырылған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы мен үшін, отбасым үшін үлкен көмек болды. Ең алдымен кез келген жастың өз ынта-жігері болуы керек деп ойлаймын. Онсыз қанша үгіттесең де, «ауылға кел» деп алтыннан сарай салсаң да нәтиже бермейді. Қоғаммен етене байланыс орнатуға бағытталған салалар үшін адаммен байланыс орната білудің маңыздылығы орасан зор, – дейді жас кітапханашы маман.

Жұмыс істеймін, еңбек етемін деген жанға мемлекет қолдау көрсетуде. Жалқаулыққа салынбай, мемлекет тағы не береді деп алақан жайып қарап отырудың да қажеті шамалы. «Еңбектің наны тәтті» демей ме, бәрінен де жастардың аянбай еңбек етіп, оның жемісін көріп, жетістікке қол жеткізсем деген ізгі ниеті маңызды. Осындай игі ниетті жастар Ескелді ауданында еңбек етіп, нан тауып жүр. Жай жүрген жоқ жастар үшін мүмкіндікке айналған “Дипломмен ауылға” бағдарламасының игілігін көріп жүр. Сөз соңында “Балам деген ел болмаса, елім дейтін бала” қайдан шықсын деген Ахаңның сөзін аудан атқамінерлері жіті назарда ұстап, ауданның әлеуетін көтермекке ұмтылған жастарды қолдаудан танған емес.

Д.Садық

Это может Вас заинтересовать