Войти через

  • 18°C

Четверг, 25 апреля

Ескелділік жастарда қабілет бар, қарым бар, содан олар жалындар

TINFO
TINFO
Служба новостей

Серік ЖОЛДЫБАЕВ, Ескелді ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі, tinfo.kz сұхбатында:

«Ескелділік жастарда қабілет бар, қарым бар, содан олар жалындар»

- «Жастар – қоғамның қозғаушы күші». Дейтұрғанмен, аудан жастарының белсенділігі қай деңгейде?

 - Шынын да солай. Қай уақытта да жастарды жаңа идеяның, жаңа бастаманың қайнар көзі деп біледі. Сонау алғашқы мемлекет Ежелгі Мысыр империясында да жастардың тың күшке ие екені тасқа қашалып жазылыпты. Бұл - мойындалған жайт. Ескелді ауданының жастары да белсенділіктен төмендеп отырған жоқ. Өресінен де, желісінен де жаңылмай, өз биігін алып жүр. Құр мақтан демеңіз, ауданда бетке ұстар нағыз ұлтжанды, отаншыл жастарымыз жетерлік. Оны әңгіме барысында таразылай жатармыз. Бүгінде киелі топырақ Ескелді ауданында 10 668 жас бар. Ауданның жалпы халқының саны 46 мыңнан сәл ғана асатын болса, жастардың үлес салмағын таразылай беріңіз. Осынша жасты қамқорлығына алу «Ескелді ауданының жастар ресурстық орталығы» мекемесінің құзіретінде. Әрине, сол үдеден жаңылып жатқанымыз жоқ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлым деген ел болмаса, елім деген ұл қайдан шықсын» ұлағаты санамызда. Аудандағы әрбір жастың қоғам өмірінен алшақтамауын, жұмылған жұдырықтай қарекет етуін қамтамасыз етудеміз. Қазір аудан көлемінде жастар арасында үлгі болатын, жастар соған қарап бой түзейтін көшбасшыларымыз бар. Жоғарыда айтқан сөзді тиянақтайын, сондай көшбасшының бірі де бірегейі – Саят Тікенбаев. Саят - аудандық аурухананың білікті дәрігері. Биыл ғана көшбасшымыз жылдың үздік волонтеры атанды. Еріктілік санаты бойынша. Сондай-ақ, жыл сайын облысымызда «Көшбасшы» жастар байқауы өтеді. Сол байқауда 20 сала бойынша мықты һәм мығым жастарды анықтайды. Былтырға дейін облыс екіге, Алматы және Жетісу облыстары болып бөлінбей тұрғанда сол байқаудың екі немесе үш-төрт номинациясы Ескелді ауданы жастарының еншісінде болатын. Осы үдеден мүлде төмендемейтінбіз. Биыл да Жетісу облысының қатарында сол биіктен төмендемейміз деп сенемін. Сонымен қатар «Ескелді ауданының жастар ресурстық орталығымен» бірге блогерлеріміз де ауданның өсіп-өркендеу жолында тер төгуде. Тағы бір айта кететін жайт, ауданымызда жастар арасында ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық басым. Әсіресе, ат жалын тартып, көкпар тарту аса бір үлкен серпіліс әкеліп отыр.

- «Біз жастардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауымыз керек», - деген еді мемлекет басшысы. Жастарға ауданда қандай мүмкіндіктер арқылы жол ашып жатырсыздар?

Ел Президентінің қай бастамасын да жастар қуана қабылдайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар», - деген еді. Шыны керек бұл сөз бізді қанаттандырады. «Ескелді ауданының жастар ресурстық орталығы» жай құрылым ғана емес, жастардың қанатын қомдап, мемлекеттік саясаттан да, қоғам өмірінен де өз орнын табуға септеседі. Орталықтың басты миссиясы елімізде жүзеге асып жатқан әлеуметтік бағдарламаларды насихаттау, жастарға түсіндіру, бағыт-бағдар беру. Мәселен, бізге бизнес бастағысы келетін жастар келеді. Мұндай кезде мемлекет ұсынған бағдарламалардың тінін тарқатамыз. Түсіндіреміз. Тіпті, құжаттарын жинауға жәрдемдесеміз. Міне, біздің миссия – елімізде жүзеге асып жатқан жастар саясатын барынша насихаттау және оның ашық болуын қамтамасыз ету.

- «Жастар - жаңашылдықтың жаршысы» деп жатады. Қандай жаңашылдықтарыңыз бар?

 - Негізі бұл жастарға қойылған нақты анықтама деп білемін. Шын ғой. Жастар жаңаны ойлап табушы. Тарихты парақтасақ, ғылыми жаңалықтың дені жас ғалымдардың еңбегі нәтижесінде дүниеге келеді. Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстанды» жасақтау жөнінде ұран тастады. Ал жаңаның жастарсыз өмір сүруі неғайбыл. Жаңа Қазақстанда жастар саясаты да жаңаланады. Бүгінде ауданның жастары қай салада да жаңашылдықпен қарекет етуде. Мәселен, біздің жастар арасында еріктілік басым. Бір қызық жайт, ауданда қарт тұрғындарымыз бар. Жалғыз басты қарияларымыз тағы бар. Ал оларға жәрдемдесу жастардың құзырында. Ал ауданда еріктілік санаты бойынша жұмыс істейтін жастар ұйымдары жетерлік. Мәселен, «Лидер.кз» ұйымының бөлімі ауданда жұмыс істейді. Оған «Казэкопатруль» экологиялық волонтерлар ұйымын қосыңыз. Бұл құрылым ауданда екі жылдан аса уақыт қызмет етуде. Бәрін тізбектеп айта берсек, сұқбатымыздың дені жастар ұйымдарымен толып кетер, тоқ етеріне тоқталайық. Жоғарыда айтқандай осындай жастар ұйымдары аудандағы қарияларымызға қол көмегін созып, үй шаруасын дөңгелетуге жәрдемдеседі. Бастысы істелген жұмыс арқылы қарттарымыздан алғыс есту – үлкен абырой.

- Жұмыссыздық - қай проблеманың да өзегі. Жастар арасында жұмыссыздықпен күрес деңгейі қалай?

 - Жұмыссыздық - ауқымды мәселе. Шыны керек, облыс, қала тіпті республикада да жұмыссыздық басты проблема. Мұнымен барлығымыз бірге күресудеміз. Ал жұмыссыздықты азайтудың басты жолы – кәсіпкерлікке бет бұруға қолғабыс ету. Қажет болса жоспарын жазып беру, қалайда өтіп кетуге ықпал ету, қайтарымсыз қаржы жастарға алып беру, оларға бағыт-бағдар көрсету, кәсіпті алып кетемін дегенше қадағалау. Жоғарыда айтып өткенімдей, жұмыссыз жастарды жұмысқа қамту мақсатында біршама жұмыстар жасалуда. Жұмыссыздық жастар арасындағы қылмыстың өсуі, жастар арасындағы салт дәстүрлер мен рухани құндылықтардың құлдырауы, жас ұрпақтың білім алу деңгейінің төмендеуі сияқты мәселенің өршуіне әкеп соғады. Хәкім Абай айтпақшы: «Көйлегі көктік, тамағы тоқтық аздырар адам баласын», - дегендей, жастарды түрлі азғындықтан сақтау үшін жұмыспен қамту басты орында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастарға қатысты келелі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет», - деген еді. Қазір «Ескелді ауданының жастар ресурстық орталығы» осы бағытта жұмыс істеуде. Мәселен, аудандық жұмыспен қамту бөлімімен бірлесіп, тоқсанына кем дегенде бір мәрте «Бос жұмыс орны» жәрмеңкесін ұйымдастырамыз. Осындай жәрмеңкенің арқасында үстіміздегі жылдың 10 айында 149 жас жұмысқа орналасты. Бұл біз үшін жақсы көрсеткіш. 149 жастың қырық төрті «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмысқа орналасса, 11 аудан тұрғыны, әрине, жастар қоғамдық жұмысқа тартылды. Айтпақшы биылдан бастап елімізде «Бірінші жұмыс орны» деген бағдарлама жүзеге асуда. Осы тиімді бағдарлама өзегінде 19 аудан жасы жұмысқа орналасты. Жастардың жұмыссыздық мәселесін шешуде осындай қауқарлы тірлік етудеміз.

- Вандализм, құқықбұзушылық мәселелері қай деңгейде?

 - Вандализм – көше қасіреті ғой. Сөз төркінін алыстан іздесек, сонай Рим империясына тұмсық тірейді екенбіз. Жалпы вандализмнің шығу тарихы тым тереңде. Сонау 450 жылдары Рим империясында пайда болған. Түп мағынасы «қиратушы», «сындырушы» дегенді білдіреді. Бұл Рим империя болып тұрғанда, мәдениеті осал тайпалар Римнің архитектуралық құрылыстарын қиратқандарға қатысты айтылған термин. Сол заматтан ғасыр түгіл, дәуір көшті. Алайда басбұзарлықтың әлі де бар екеніне көзіміз жетіп отыр. Алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап қараңызшы. Жерасты өткелдері, қабат үйдегі қабырғаларға жазылған жазулар. Оқуға ауыз бармайтын дүниелер кездестіруге болады. Демек вандалдардың дәуірі әлі өткен жоқ деген сөз. Дегенмен, Ескелді ауданында вандализм сипатындағы қылмыстар мүлде кездеспеді. Себебі де белгілі. Жоғарыда айтқанымыздай, ауданда жастардың қылмысқа, басбұзарлыққа бой ұрмас үшін жұмыссыздық аса түйіткілді мәселе емес. Жұмыссыздық жастар арасындағы қылмыстың өсуі, жастар арасындағы салт дәстүрлер мен рухани құндылықтардың құлдырауы, жас ұрпақтың білім алу деңгейінің төмендеуі сияқты мәселенің өршуіне әкеп соғады. Осы мәселелердің алдын алу мақсатында жұмыссыз жастарды қатысуымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында ілкімді тірліктеріміз бар. Халықты жұмыспен қамту орталығы, дін өкілдері, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғаушылардың қатысуымен жыл басынан бері семинарлар, кездесулер, дөнгелек үстелдер, бос жұмыс орын жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Біз бұл бағытта қарқынды қарекет етудеміз. «Ескелді ауданының жастар ресурстық орталығы» жанында психолог маман жұмыс істейді. Сол маманымыз бұрын заң бұзылушылыққа барған жастармен етене жұмыс жүргізуде. Кеңес береді, дұрыс жолмен жүруді насихаттайды. Қазір оның нәтижесін көріп отырмыз. Ауданда жастар арасында құқықбұзушылық жоқ десек те болады.

- Мемлекет басшысы бір сөзінде жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру кемшін қап жатқанын айтты. Осы турасында «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» бағдарламалары жайындағы жастар түсінігі қандай? Осы бағдарламалардың өрісі қандай жалпы?

 - Қос бағдарламаның өзегі - жұмыссыздықпен күресу. Екі бағдарлама да бүгінде өз жемісін беруде. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауылдық жерлерде маман тапшылығын жоюға бағытталса, «Жасыл ел» бағдарламасы көркейту-көгалдандаруды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздықты азайтуды көксейді. Бірінші бағдарлама бірер жылдың жүзінде ауқымын кеңейте түсті. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ҚР Ұлттық экономика министрінің 30.09.2020 жылғы №72 бұйрығымен өзгерістер еңгізіліп, «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидалары» болып жаңа редакцияда бекітілді. Осыған байланысты, ауылдық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың кадрлар тапшылығын жою мақсатында «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына енді мемлекеттік қызметшілерде қатыса алады. Бұл бағдарламаға ауыл, кент, ауылдық округтер әкімдері аппаратының бас және жетекші мамандары үміткер бола алады. «Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет», - деген еді мемлекет басшысы. Енді бағдарламаның жүзеге асу барысына оралайық, биыл ауданда «Дипломмен ауылға» бағдарламасына көптеген ұсыныс түсіп, 50 ауданның жасы бағдарлама арқылы баспана алуға пайыздық жеңілдікпен несие алды, көтерме жәрдемақыға қол жеткізді. Келер жылы бағдарламаға қатысушылардың қатары молаяды деп сенеміз. Ал, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша Алматы облысының екіге бөлініп, Ескелді ауданы Жетісу облысының құрамында қалуы, атаулы бағдарламаға бөлінген қаржы Алматы облысының еншісінде кетуіне орай биыл жүзеге аспады. Келер жылға 100 аудан жасын бағдарламаға қатысушы етеміз деген жоспарымыз бар.

- Аудандағы жастардың кәсіпкерлікке бағыты қандай? Жас кәсіпкерлердің қандай проблемасы бар?

Бүгінде жастардың қай саладан да ойып тұрып алған орны бар. Әсіресе, ел жастары кәсіпкерлік саласында елеулі еңбек етіп келеді. Үкімет те олардың бизнес әлеміне дендей енуіне жағдай жасап, түрліше бағдарламалар әзірлеп жүр. Соның бірі һәм бірегейі "Бастау Бизнес" бастамасы да бар. Бұл бағдарлама жастар арасындағы жұмыссыздықты ауыздықтауға бағытталған. Бүгінде ауданда осы бағдарламаның өзегінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, кәсібін дөңгелетіп отырған жастар бар. Биылдан бастап бағдарламаның бір кәсіптік жоспарға беретін сомасы да қомақты болды. Оларға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының өкілдерімен бірлесіп жобаларын даярлауға, құжаттарын реттеуге жәрдемдесіп жүрміз. Одан өзге бірер жыл бұрын ауданда «Zhas Project» жобасы жүзеге асқан еді. Кәсіп ашып, тірлік етемін дегендерге бұл да өзінше қолдау болды. Қолдау көргендердің Қарабұлақ кентінің тұрғыны Әли Бамишин есімді замандасымыз. Ол тұрмысқа қажетті жиһаз жасаумен айналысады. Міне, кәсіпкерлікпен шұғылдануды ойлағандарға осындай азаматтарымыз үлгі. Бірақ кәсіпкер боламын, кәсіпкермін деген жастарда анау айтардай мәселе жоқ.

- Жастардың арасында дінге деген көзқарас қалай?

 - Дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сана. Ал жастар болса коғамның негізгі қозғаушы күші. Жастардың дінге деген көзқарасы, түсінігі тәрбиеден басталады. Жалпы жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу шаралары бойынша жұмыс ең алдымен, өскелең ұрпаққа берілетін тәрбиемен ұштастырыла атқарылуы тиіс. Себебі бүгінгі жас буын ертеңгі елдің келешегін құратын, тізгініне ие болатын аға буынға айналмақ. Осындай мақсаттарда ауқымды жұмыс жүргізіп келеміз. Мәселен, аудандық мешіт имамдарымен бірлесіп жиындар өткіземіз. Ауданда жастардың хақ дініміз Исламға көзқарасы қалыпты, мешітке барып, басын сәждеге қойып жүрген замандастарымыз жетерлік. Бірақ олардың жат ағымның етегінде кетпес үшін біз қарымды қарекет етуіміз керек.

- Әлеуметтік желіде талай қауіп бар. Жастардың санасын улауда әлемжеліні арандатушылар оңтайлы қолдануда. Жалпы, желіден келер қауіптен аудан жастарын қалай арашалап жүрсіздер?

 - Мына жай есіме түсіп отырғаны. Қайбір жылы әлеуметтік желіде «Көк кит», яғни «Синий кит» ойыны белең алды. Аты шулы бұл ойынмен қанша жас қауіптің аранында кете жаздады. Көршілес Ресейден шыққан қауіп ТМД елдерін лезде жаулап алды. Мемлекеттік тұрғыда қарымды қарекет еткен соң ғана қауіп сейілді. Шыны керек, әлеуметтік желінің қауіпін осыдан аңғаруға болады. Қазір әлеуметтік желінің түрі де, сипаты да көп. Бірер жыл бұрын «вконтакте» желісінің қарқыны қатты еді, қазір «тікток» жастар арасында өте танымал. Біздің орталық қай желіде болмасын қауіптің алдын алуға қарекет етуде. Өзіміздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызда елдікке, отаншылыққа үндейтін жазбалар үнемі шығып тұрады. Одан өзге аудандық, облыстық басылымдарға әлеуметтік желідегі қауіптілікке байланысты ақпараттық мақалаларымыз жиі шығады.

- Жалпы, аудан жастарына тілегіңіз...

- Жалпы алғанда, баяғы бабалардың, батыр-даналардың бойындағы іріліктен, сөзге тоқтау, елжандылық секілді қасиеттерінен отарлаудың себебінен бе, жаһандану әсерінен бе, әйтеуір бұрынғы тарихпен салыстырғанда бірталай майдаланып кеттік. Бірақ солай екен деп бойкүйездікке салынуға болмайды. Ғылымда деколонизация деген ұғым бар. Ол дегеніміз – мәңгүрттенген ұрпақтың қайтадан байырғы негізіне оралуы. Бұл мақсатта үлкен рөл атқару керек деген «Рухани жаңғыру» бағдарламамыз бар. Сондықтан жастарға артылар сенім мол. «Мен жастарға сенемін» деп Мағжан Жұмабаев, Алаштың арыстары айтса, біз олардан бөліп-жарып басқаша бағыт ұстанғымыз келмейді. Қашанда жұрт бізден үмітті. Жастардың бойындағы үлкен мүмкіндіктер кенін ашып, тиісті жеріне пайдалана алсақ, жастар алмайтын асу жоқ.

 - Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан Д.Садық

Это может Вас заинтересовать