Войти через

  • 24°C

Пятница, 19 апреля

Кеген ауданының 90 жылдығында 90 метр құрақ көрпе тіліліп, 90 тонна бауырсақ пісірілді

TINFO
TINFO
Служба новостей

 

Алматы облысы Кеген ауданының 90 жылдығына орай облыс әкімі Амандық Баталов ауданның бірнеше ұжымына шағын автобус кілттерін тапсырды. Олардың арасында биыл құрылғанына 50 жыл болған Кеген халық театры, аудандық аурухана, спорттық-сауықтыру кешені бар. Осы және өзге де марапаттар 90 жылдыққа арналған салтанатты жиында берілді, деп хабарлайды TINFO желілік агентігі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Кеген ауданының 90 жылдығына арналған шаралар спорттық сауықтыру кешеніндегі қазақ күресінен өткен ауданның ашық біріншілігімен басталды. Спорттық нысанға облыс әкімі Амандық Баталов, Олимпиада чемпионы, белгілі меценат, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров және басқа да қонақтар барып, алдымен ғимарат ауласына шырша отырғызды. Сырттағы футбол алаңын, кешен ішіндегі жаттығу залдарын аралап көрді. Таэквандо, бокс, футбол ойындарына жаттығып жатқан жас спортшылармен тілдесті. Жалпы бұл ғимарат 621 млн. теңгеге салынып, биыл ел игілігіне ұсынылған болатын. Аумағы 5 мың шаршы метрді құрайды. Қазір мұнда футбол, волейбол, баскетбол, каратэ, күрес, бокс сияқты спорттың көптеген түрлеріне жаттығуға мүмкіндік бар. 

Мұнан соң аудан орталығындағы Райымбек батыр ескерткішіне гүл шоқтарын қойған қонақтар мен өңір тұрғындары 90 жылдықтың салтанатты жиыны өтетін аудандық мәдениет үйіне қарай ағылды. Мәдениет үйінің фойесіне қойылған кітап көрмесі, қолөнер шеберлерінің бұйымдары, суретшілер туындылары келушілердің назарына ұсынылды. Мерекелік жиынның шымылдығы ата мен баланың диалогы негізінде өрбіген аудан тарихы туралы театрландырылған көрініспен ашылды.

Кегендіктерді мерейтойымен құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің тарихына, тұлғаларының еңбегіне қысқаша тоқталып, халқына ес, жауға сес болған Хангелді, Райымбектей батырларды, Қарқара көтерілісінің басы-қасында жүрген Жәмеңке, Ұзақ, Әубәкір сынды ел ақсақалдарын, от ауызды, орақ тілді Бөлтірік ақынды және басқа да ақын-жазушы, қайраткерлердің есімдерін ерекше атап өтті. Еңбегімен елінің даңқын биікке көтерген Социалистік Еңбек Ерлерін де ұмыт қалдырған жоқ. Ауданның бүгінгі табыстары да тілге тиек етілді.

«Аудан халқы бүгінде осы өлкеде туып-өскен ұлы тұлғалардың жолын тәуелсіз елімізде лайықты жалғастырып келеді. Елбасының сындарлы шешімімен Райымбек ауданы екіге бөлінгені белгілі. Соның нәтижесінде Кеген жеке аудан болып, бүгінде даму қарқынын одан әрі жалғастыруда. Жетісудың бір қиырында орналасқанына қарамастан, аудан тұрақты түрде өсіп-өркендеп келеді. Әсіресе, картоп өсіруде аудан халқының тәжірибесі мол. Сондықтан біз картопты өндірістік масштабта өндіруді қолға алып, шаруашылықтарды техникамен қамтуға, элиталық сортты тұқым алуға қолдау көрсетіп келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында қуатты елді қуатты өңірлер құрайтынын ерекше атап өткен болатын. Сондықтан Кеген ауданының жетістіктері облыс үшін де, еліміз үшін де маңызды деп білемін», - дей келе, облыс әкімі ауданның 90 жылдығымен құттықтап, барша қауымға мықты денсаулық, толайым табыс, мол игілік, ел есендігін тіледі.

Облыс басшысы ауданның бірнеше азаматына Құрмет грамотасын, Алғыс хатын тапсырып, бірқатар аудандық мекеме ұжымдарына шағын автобус кілтін берді. Сол сияқты филология ғылымдарының докторы, профессор Байынқол Қалиевпен бірге аудан шежіресі жайлы «Ата тарих, тоқсан жылдың толғауы» атты кітаптың тұсауын кесті.

Аудан әкімі Талғат Байеділов те жұртшылыққа құттықтау сөзін арнап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірнеше азаматқа «Кеген ауданының Құрметті азаматы» атағын берді.

Осы басқосуда қоғам қайраткерлері Жақсылық Үшкемпіров, Стахан Белғожаев, ақын, журналист Жанарбек Әшімжан мен Алмат Исәділдің де ыстық ықыласына халық ризашылықпен қол соқты.

Осы күні мерекелік концерт қойылып, мерейтойлық шаралар орталық алаңда жалғасты. Балалар асық ойнап, алтыбақан тепті, үлкендер арқан тартысып, түрлі жарыстар өткізді. Əжелер 90 жылдық тойға арнайы тіккен 90 метр құрақ көрпелерін алып шықты, сол сияқты 90 тонна бауырсақ пісіріліп, таратылды.

Жалпы, Кеген ауданының 90 жылдық мерейтойы кеше, яғни 24 қазанда ғылыми-практикалық конференциямен басталғанын атап өту керек.

Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

 

 

 

 

Это может Вас заинтересовать