Войти через

  • 7°C

Пятница, 26 апреля

«Халық алғысы мен үшін үлкен марапат»

TINFO
TINFO
Служба новостей

Дәрігер мамандығы үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Жүрек қалауымен ғана таңдаған мамандыққа бар ғұмырын арнаған дәрігерлер бар.  Соның ішінде ауыл медицинасының дамуына өзіндік үлес қосып, тұрғындарға қалтқысыз қызмет атқарып келе жатқан дәрігерлердің бірі  Балқаш аудандық ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Бериков Жарқын Кеңесханұлы, tinfo.kz хабарлайды.

Шығыс Қазақстан облысының тумасы Жарқын Кеңесханұлы 1994 жылы  Семей мемлекеттік медициналық институтын бітіргеннен кейін Балқаш аудандық орталық ауруханасына жұмысқа орналасқан. Қазіргі уақытта директордың орынбасары қызметін атқарып жүрген Жарқын Бериков аудандық ауруханада 28 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Дәрігердің сөзінше, аудан тұрғындарына кез келген уақытта медициналық көмек көрсетуден шаршаған емес.

-Мен 1994 жылы оқу бітіргеннен кейін бірден еңбек өтілімді осы Балқаш аудандық ауруханасынан бастадым. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін біраз жылдар қиындыққа төзуге тура келгені белгілі. Көп мамандық иелері саудамен айналысып кетті. Алайда сол қиындықтарға қарамастан ғұмырымды осы салаға арнаймын деп шештім. Жастық жылынмен, тұрмыс тауқыметімен басқа салаға жұмысқа кетпегінме қуанамын. Біраз уақыт өткеннен кейін дұрыс таңдау жасап, мамандығыма адал болып қалғаныма қуандым, - дейді дәрігер. 

Ауыл тұрғындары  тәжірибелі дәрігерге ерекше құрметпен қарайды. Әріптестері де жұмысына тиянақты, жауапкершілігі жоғары маман деп баға беріп отыр. Жарқын Кеңесханұлының еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2021 жылы Жарқын Бериков Қазақстан халқының өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі үшін Ұлттық медициналық ассоциацияның  «Алтын дәрігер» төсбелгісімен марапатталды.

«Алтын дәрігер» төсбелгісі өз қызметінде ерекше кәсіби шеберлік пен қайсарлық танытқан денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне тапсырылады. Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Денсаулық сақтау басқармасының халық денсаулығы үшін жасаған риясыз еңбегі үшін Құрмет грамотасымен  марапатталды. 

«Медицина саласында 30 жылға жуық қызмет атқарып келемін. Бірақ соған қарамастан біліктілігімді үнемі арттырып отырамын. Ал әртүрлі шеберлік сабақтары  өзге өңірдің дәрігерлерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Біздің салада өлім мен өмір арасындағы сын сәттерде жылдам шешім қабылдап, батыл іске кірісіп кететін сәттер көп. Сол сәттерде жинаған тәжірибем көмектеседі, - дейді Жарқын Кеңесханұлы.

Жарқын Бериковтың айтуынша, дәрігер өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Өз ісінің білгірі болған маманға халық қашанда бағасын беріп, алғысын білдіреді. Сондықтан халық алғысы  дәрігер үшін ең үлкен марапат дейді маман.

Это может Вас заинтересовать