Войти через

  • 10°C

Пятница, 29 марта

Менің мақсатым – ескелділік кәсіпкерлердің жанашырына айналу

TINFO
TINFO
Служба новостей

Әділет Сұлтанбекұлы, Жетісу облысы кәсіпкер палатасының, Ескелді аудандық филиалының директоры:

Менің мақсатым – ескелділік кәсіпкерлердің жанашырына айналу.

- Әділет Сұлтанбекұлы, аудандағы кәсіпкерліктің жайы қалай? Қағажу көріп жүргендері жоқ па?

 - Кез келген жерде мәселе бар. Одан шығатын жол да, шешім де тағы бар. Сондықтан кәсіпте де, кәсіпкерде мәселе болмауы мүмкін емес. Ескелді ауданындағы кәсіпкерлердің жағдайы нашар, мәселеден бас алмай, тыным көрмей жатыр деп те айта алмаймын. Тиынның екі бетіндей дүние ғой. Бірде былай, кейде былай. Біздің құзіретте кәсіпкерлердің құқығын қорғау негіз болған соң, біз тартынып жүрген жоқпыз. Мәселесін көлденең тартып келген кісіге, оның ішінде кәсіпкерге бар күш-жігерімізді жұмсап көмектесіп жатырмыз. Мәселен, ауданда жыл басынан бері жер теліміне қатысты түйткілді мәселелер көтерілді. Сол бойынша арыз-шағымдар келіп түсті. Сол мәселелерді шешу үшін құзіретті органдарды жағалап, аталған мәселелердің оң шешімін табуына, заңды мүддесін қорғауға барынша атсалыстық.

 - «Бастау-Бизнес» бағдарламасының игілігін талай қазақ көрді. Оң нәтиже жоқ емес. Бұл бағдарламамен кәсіпкерлік негізін оқу тоқтады ма? Оның орнына жаңа бағдарлама ашыла ма? Көптің көкейіндегі сауал осы...

«Бастау-Бизнес» оқып жүр, талай қазақ баласы» дегенді оқып едім. Шынын да бұл бағдарлама кәсіп ашамын дегеннің, кәсіпкер атанамын деген кісінің айынан тудырды. Қанша қазақ баласы осы бағдарлама арқылы несібесін табар тірлік етуде. Себебі, «Бастау-Бизнес» мол мүмкіндіктер бағдарламасы. Бүгінде кәсіпкер атанамын, мүмкіндіктен құр қалмаймын деген ағайын «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша оқу онлайн форматта оқуда. Оқу Enbek Skills платформасы арқылы жүзеге асуда. Сонымен қатар онлайн оқу үстіміздегі жылдың соңына дейін жалғасады. Бұл да үлкен мүмкіндік. Кәсіпкер атану үшін оқимын деген жан құжат арқалап, мекеме аралап жүгірмейді. Бар-жоғы арнайы платформада тіркеліп, оқып, өтінім толтырып, кәсіп ашуға мүмкіндігін еселей алады.

 - Биыл кәсіпкерлер қайтарымсыз несиеге қалай қол жеткізді? Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оның да көлемі ұлғайыпты. Шарттарда өзгеріс бар ма?

- Кәсіп етемін деген адамға Қазақстан нағыз қолайлы айлақ десем артық етпес. Елімізде бизнес әлеміне қанатын қомдап, ұшуға ұмтылғандарға қолдау мол. Соның бірі қайтарымсыз гранттар. Мәселен, мемлекет тарапынан ұсынылған қайтарымсыз грантқа қол жеткізу арнайы комиссия отырысында қаралады. Үміткерлер сол комиссияның алдынде өз жобаларын қорғау арқылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді. Биыл гранттың қаржылық қоры ұлғайды. Былтырғы жылға қарағанда екі есе өсті. Биыл мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант сомасы 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміне жетті. Бұл аз қаржы емес. Кәсіп етемін дегенге шынын да, мол мүмкіндік. Алайда, қайтарымсыз грантқа қол жеткізуде талаптар күшейді. Шарттарында көптеген өзгеріс орын алды. Мәселен, өткен жылы дейін грантқа қатысуға 18 жас пен 63 жас аралығындағы жұмыссыз түлғалардың барлығы өтініш беруге құқылы болған, ал үстіміздегі жылдың талабына сай, ереженің өзгеруіне орай кез келген кісі өтінім бере алмайды. Нақты өтініш беруге, грант иегері атануға 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы ата-аналар, екінші немесе үшінші топтағы мүгедектігі бар, бірақ жұмысқа жарамды кісілер мүмкіндігі мол. Сонымен қатар, 16 жасқа дейінгі мүгедек бала бағушылар да өтінім бере алады. Алайда растау қағазы болуы міндетті.

 - Шағын кәсіпкерлікпен айналысамын дегенге мүмкіндік мол деп жатады әдетте. Мүмкіндіктерді атаңызшы...

 - Осы бізді құртатын жайт, мүмкін емес дегеннен әрі аспау. Мүмкіндік қай кезде де бар. Мүмкін емес нәрсе болмайды. Мүмкіндік болуы үшін тәуекелділік керек адамға. Жоғарыда айтып өткендей, мемлекет кәсіп етемін, кәсіпкер атанамын дегенге мүмкіндіктер есігін айқара ашып отыр. Мәселен, бір мүмкіндік қайтарымсыз гранттар. Оған ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен берілетін кепілді несиелерді қосыңыз. Мысал, Ауыл шаруашылығы кредиттік корпорациясы 6 пайыздық кепілдік несие ұсынып отыр. Қазір талай кәсіпкер бұл несиенің несібесін көріп отыр. Тағы бір жайт, Даму қоры 5 пайыздық несиесін қосайық мүмкіндіктер қатарына. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мемлекеттік мекемесінің Қолдау бағдарламасы аясында ұсынылатын 5 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз грантын қалай мүмкіндік демеуге бола ма?! Осы мүмкіндіктерді пайдаланып өз замандастарымыз, ауылдастарымыз кәсіп бастап, оны әрмен дөңгелетіп отыр.

Әдетте жұрт кәсіпкерлікпен айналысуда ата кәсіптен, нақты айтқанда мал өсірумен, болмаса қызмет көрсету саласымен шектеледі. Ауданда тыңнан түрен салған кәсіпкерлер бар ма?

- Мал шаруашылығы қазақтың ата кәсібі ғой. Баба жұртымыз төрт түлікті өсіріп қана қоймай, оны көбейтіп, санын арттырып, сол арқылы тұрмысын түзеген. Етін, сүтін, терісі мен жүнін өңдеп, нәпақасын тапқан. Ал сол мал шаруашылығы, меніңше, өлмейтін кәсіп, десем артық айтқандық емес. Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығынан, әсіресе мал шаруашылығынан кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіп иелері бар. Мәселен, «Хильниченко и К» шаруа қожалығы. Бүгінде атаулы құрылым төрт түлік өсіруден де, егін егуден де кенде қалып жатқан жоқ. Мал өсіру арқылы көсегесін көгертіп отыр. Бүгінде шаруа қожалық ет өнімінен полифабрикаттың он шақты түрін, шұжық атаулының он шақты түрін өндіріп, тұтынушысына жеткізіп отыр. Тұтынушылар да дән разы. Шаруа қожалық өндірген сүт өнімдері де тұтынушылардың көңілінен шығып отыр. Атаулы құрылым дала төсін игеріп, дән сеуіп, егін шаруашылығынан да мол табысқа кенелуде. Дәл осындай тірлікті аудан бойынша бірнеше кәсіп иелері атқаруда. Ал тыңнан түрен салып, жаңашыл кәсіп бастағандардың, кәсібін дөңгелеткендердің қатарында «Медеуов» шаруа қожалығы, «Шалхабаев.Е.Б» шаруа қожалығы, «Сәлем Құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «4-Сапа» серіктестігі, «Есімжанов.М» шаруа қожалығы сынды құрылымдарды атап өтуге болады.

 - Биыл жыл басынан бері мемлекет басшысы бастап, өзгелер қоштап, Жаңа Қазақстан құрамыз деп жүрміз. "Атамекеннің" міндет-мақсатында да өзгеріс пайда болған шығар?

 - Өзгеріс – заман талабы, қоғам талабы. Оны мемлекет басшысы әр сөзінде айтып жүр. Біздің құрылым да өзгеріс жасаудан кенде емес. Жуырда ғана «Атамекен» ҰКП Төралқасы Съезді шақыру туралы шешім қабылдағанын хабарлады.  Нақты өзгерістер жайлы сол жиыннан кейін айтатын боламыз.

 - Тіке сұрақ, әдетте біз "кәсіп баста" десе  ақша жоқ деп иықты қиқаң еткіземіз. Ақшасыз, яғни мол қаржысыз кәсіп етуге бола ма? Оған өмірден мысал бар ма?

 - Болады. Болмайды деген соң болмайды ғой. Қазақ «Жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме? Болады дейікші. Әуелі мықты идея қажет. Атақты неміс экономисі, Гарвард университетінің профессоры Иозиф Шумпетердің «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу» дейді. Демек, идея жаңашыл болуы керек. Идея жан-жақты ойластырылмаған, мидың әр қатпарында піспеген дүние идея емес. Сол идеяны жүзеге асыруға, оны мықтап жүзеге асыруға шыдамның жетер не жетпесін пысықтап алған жөн. Идея жүзеге асу үшін адамның да қабілетінің жетер жерін нақтылаған жөн. Кәсіпкерлік үшін қаржылық сауаттылық ауадай қажет. Міне, осыдан кейін мемлекет беріп отырған үлкен мүмкіндік деп атаған қайтарымсыз гранттарға ұмтылу қажет. Кәсіп бастағысы келетін әрбір жан сананы әу бастан «ақша жоқ» ойына берілмеу керек.

 - Мектептен бастап кәсіпкерлікке баулу жайы қалай?

Көп баланың бойында іскерлікке қабілеті болады, алайда олар осы әлеуетті қалай жұмсауды білмейді, тіпті осындай қабілетке ие екендерін білме бермейді. Олар ғарышкер, әнші, спортшы болуды емес, бизнесмен болуды қалайды, өскенде тәуелсіз, бай-қуатты өмір сүргісі келеді. Оған не түрткі? Біріншіден, нарықтық экономика, екіншіден, жеке таңдау. Бір бала есептеуге жүйрік, екіншісі идеялары көп, ойын да еркін жеткізе алады. «. Сарапшылардың пікірінше, жасөспірімдерді бизнеске баулу – бизнес жайлы ой-өрісін кеңейтуге, тұлғалық қасиеттерін жетілдіруге ықпал етеді. Сондықтан болашақ кәсіпкерлерді мектептен даярлау аса қажет.

 - Қазір тез баюдың, кәсіп етудің жолын көрсететін, кітап та көбейді, тренинг, мастер класс дегенің жауыннан кейінгі саңырау құлақтай қаптап кетті. Кәсіп бастасам дегендерге қандай кеңесіңіз бар?

 - Қалауын тапсаң қар жанар деген ғой. Тренинг, мастер класс өткізіп байып жатса – демек пайдасы болғаны. Қандайда бір кәсіп бастарда оның берер пайдасы қандай, зияны жоқ па, бастайын деп жатқаның дұрыс па, ең бастысы адал кәсіп па соған көз жеткізіп әбден зерттеп барып бастаған жөн деген кеңес берер едім.

 - "Олай етпе, бұлай ет" дейтін кісінің өзі жұртқа үлгі болу керек" дегенді оқып едім. Сіз кәсіпкерсіз бе?

Кәсіпкерліктің жолы тақтайдан тегіс болмайтыны да бесенеден белгілі. Бірақ сол жолда тартынбай, талай тәуекелдерге барып, қиындықтарға шыдағандар ғана кәсіптен табысқа жетеді. Тәуекелі аздар ешқашан мықты кәсіпкер болмайды, табысқа да жетпейді. Жоғарыда айтқанымыздай, кәсіпкерлікпен айналысу үшін мықты идея мен мықты төзім қажет. Әлемде экономикалық һәм баюдың жолын үйрететін кітап жазып, жұртты мол ақшаға кенелу жолын үйретіп жүргендердің бәрі сол жолда жетістікке жеткендер емес. Олар мотиваторлар. Жұртқа сөзін өткізу арқылы тірлік етуге, тірлікті мықты жүзеге асыруға итермелеуді білетіндер. Енді өз басыма келер болсам, кәсіпкер емеспін. Алайда осы салаға келгендегі  мақсатым – кәсіп етушілерге қол ұшымды созу, жәрдемдесу. «Атамекен» ҰКП-ның мақсат-мүддесі – кәсіпкерлердің құқығын қорғау, оларға қандай жағдайда да жол көрсету, бағыт-бағдар беру, жаңашыл бастамаларына тілеулес болу. Ал бұл құрылымда жұмыс істейтін менің мақсатым – ескелділік кәсіпкерлердің жанашырына айналу.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан Д.Садық

Это может Вас заинтересовать