"Ұстаз деген ұлы тұлға ардақты, тәрбиелер шәкірттерді жан-жақты"
Адамды тәрбиелеу – оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу -деп А.С. Макаренко айтқан болатын. Соның дәлелін Талдықорған қаласының № 14 орта мектеп-гимназиясының 7 В кадет сыныбының сынып жетекшісі Игисинова Жанар Майлыбайқызының атқарып жүрген сынып жетекшілік қызметінен көреміз. 2019-2020 оқу жылында мектепте ашылған кадет сыныбына сынып жетекшілік қызметін жауапкершілікпен атқарып келеді. Оқушыларының бойында адамгершілік және патриоттық сезімдерін қалыптастыруда, шығармашылық қабілетін дамытуға аянбай еңбек етуде. Осы міндеттерді шешуде сынып оқушыларының тәрбие ісін бағыттауы және ұйымдастыруы жолдарын шеберлікпен ұйымдастыра біледі. Оқушыларды мектепішілік, қалалық, облыстық байқауларға қатыстырып үнемі қанаттарын қатайтып отырады. Жанар Майлыбайқызы әр оқушының дамуына, ерекшеліктерін сақтауға, оның потенциалды қабілеттерін ашуына, интелектісінің дұрыс дамып, жетілуіне үнемі қолдау көрсетеді. Сонымен қатар тәрбие жұмысының неғұрлым тиімді үлгілері мен тәсілдерін шығармашылықпен таңдап алып, оның нәтижелерін бағалап, оқушыларға жеке-жеке қарау үшін оқушыларды жан-жақты зерттеп, жан дүниесіне үңіле білетін жан. Ата-аналарды да бала тәрбиесіне маңызды іс-шараларға ұйымдастырып қатыстарады.
Тәрбие жолы – қиын жол. Өмірді өрнектейтін адам ол - ұстаз. Сондай ұстазымыздың шәкірт алдындағы парызын жауапкершілікпен атқарып келе жатқанына ата-аналар атынан алғысымызды білдіреміз. Сынып жетекшіміздің жалықпай ізденіп, білім беруді, тәрбиелеуді, шығармашылықпен еңбек етуді басты міндетім деуі, бала алдындағы жауапкершілігі ата-аналарды қуантады.
Тәуелсіз еліміздің ұрпақтарын елін сүюге тәрбиелейтін, патриоттық тәрбие беретін ұстаздардың барына қашан да алғысымыз шексіз. Білім саласындағы ұрпақ тәрбиесі жолындағы ұстаздарымыздың еңбек жолына шығармашылық табыс, дендеріне саулық тілейміз.
Талдықорған қаласының 14 орта мектеп -гимназиясының ата-аналары