Войти через

  • 13°C

Пятница, 29 марта

Талаптың мініп тұлпарын

TINFO
TINFO
Служба новостей

Біз осы кімнен кембіз? Кемдігіміз қайсы? Дүниеге келгенде кім-кімнен кем болыпты? Тең болмаса, кем болмапты, болмайды да! Ал бүгінгі кемдігімізге не түрткі? Қайсы себеп? Іздесек себеп те, салдар да жетеді. Бізде анау жоқ, мынау жоқ! Бізге үнемі жетпейді. Бізге бəрі керек! Керек емес дүние бар ма? Тағы да жоқ. Жоқ дегеннен бар пайда болмайтынын ескерген кім бар? Бұрындары үлкендер «жоқ-жоқ дей берме, жоғаларсың» деуші еді. Біздің жоқ таусылар емес. «Жоқ» дегеннен біреу барын бермейді, tinfo.kz хабарлайды

Азғантай бар мен жоқ арасын таразылап болсақ, әңгімемізді әрмен өрбітейік. Біз осы хәкім Абайдың «ақылға бірлік» пайымын түйсініп жүрміз бе? Қайдам?! Түйсінгендер бұлай тірлік қылмас болар еді. Бәріміз түсінбедік дей алмаспын. Түсінгендер де бар арамызда. Тарамдайын. Жуырда жұмыс үстеліме шұқшиып, қағаз бетіндегі мәтінге қара бүркіттей шүйліге түскен сәтімде «сәлеметсізбелеп» бір бойжеткен кіріп келді. Жинақы киінген, өзін биязы ұстаған қаршадай қыз мәдениеттілікті сақтап жаныма жақындады да, жөнін айта бастады. Қос жанарым қыздың қарекетінде болғанымен, миым әлгі мәтінде. Содан қолындағы шағын сөмкесін төңкере салғаны. Міне, қызық! Үстел бетін сан түрлі шашбау көмкеріп кеткені. Қызылы, жасылы, көгі дейсіз бе? Қандай пішінде керек? Үлкені, шағыны, дөңгелегі, шашақ гүлдісі… Нәзікжандылардың қатарына жатпасам да мына сұлулық жанды баурайды кәдімгідей. Не керек, әуеліде абдырап қалғаныммен, артынан бойжеткеннің жөнін сұрай бастадым.

Қаршадай қызым – Айжан Нүсіпова есімді Қарабұлақтың тумасы екен. Аудан орталығындағы «Арт-студия» үйірме орталығында жұмыс істейді. Әрі студент. Шымкенттегі академик Ә.Қуатбаев атындағы Халықтар достығы университетінің соңғы курсында екен. Соған қарамастан, ине мен оймақты жанына серік етіп жүр. Жұмыстан, онлайн сабақтан қолы қалт етіп босай қалса, шашбау тігумен айналысады.

 — Көп дүниені анам Жанат Есенқызынан үйрендім. Бірер жыл бұрын әпкем тұрмысқа шығатын болып, анам екеуміз қыз жасауын даярлауға кірістік. Әдетте көп жұрт жасауды сатып алып жатады. Ал, анам тігіншілікпен айналысатын болған соң, қажетті дүниені сатып алып, әпкемнің жасауын өзі жасады. Бүгінде «Арт студия» орталығында ұйымдастырушы қызметін алып жүрмін. Бұл жерде Юлия Душьенка көп дүниені үйретті. Қыздарға арналған шашбау даярлауды сол кісіден үйренгенмін, — деді Айжан Нүсіпова.

Қарапайым бойжеткен бос уақытты тиімді пайдалануға машықтанған. Қолы қалт етсе ине мен оймағын қолына ала салып, кәсібіне кіріседі. Ғаламтордан ізденіп, сондағы сан шашбауды қазір өзі жасайды. Қажет бұйымның көп көлемін даярлаған соң, аудандағы мекемелерді жағалап жүреді. Мұндағы мақсат – шашбау сату. Бағасы да қымбат емес, 500 теңге мен 1000 теңгенің арасы. Әрі сапалы дүниеге сұраныс та жоғары екен. Біздің редакцияда жұмыс істейтіндер де бірнешеуін алды. Қалай дегенмен сапасы жақсы бұйымға сұраныс жоғары болады ғой.

 — Бұл кәсіппен, кәсіп демей-ақ қояйыншы, ермекпен шұғылданып жүргеніме 4-5 ай болды. Бүгінде шашбаудың 20 шақты түрін даярлаймын. Бұйымды жасауға қажетті жабдықты облыс орталығынан аламын. Бір шашбаудың жұбын даярлауға 15-20 минут уақытым кетеді. Алдағы уақытта маталы сөмке жасауды жөн көріп жүрмін. Әдетте сауда орнына барғанда немесе сейіл құрғанда пайдаланатын мұндай сөмкеге сұраныс жоғары боларін сеземін, — дейді кейіпкеріміз.

Айжан Нүсіпованың айтуынша, ермегі табыс көзіне айналып келеді екен. Бірақ, кәсіпкерлікпен шұғылдану ойында болмаған. Өйткені кәсіпкерлік негіздеріне баулу бізде кенжелеп тұр. Мәселен, мектеп қабырғасында кәсіпкерлік негіздері оқытылмаған. Қазір шынын да кәсіпкерлікпен айналысу үлкен мамандық. Мәселен, кәсіппен шұғылданушы қаржылық есепші, менеджер, маркетолог, т.б. мамандықтарды меңгеруі керек қой. Әдетте жастардың кәсіпкерлікке бойлауына осындай кәсіпті меңгермеуі көп кедергі. Олардың бойында үрей басым. Тәуекел төмен. Аз-кем әңгімеден соң, кейіпкеріміз атаулы салаға қызығушылық оянды ма, мүмкін ақыл-кеңесіміз әсер етіп, ермегін ертеңіне айналдыру жайында ой түйді ме, атаулы салаға мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіншіліктерді қарастыру керегін айтып қалды. Біз де қарап қалмай, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына баруға кеңес бердік.

Қолы қалт етсе, қалтафон шұқып, қарап жатпайтын Айжанның тірлігі көпке үлгі. Аз-кем ермегінен табыс тауып жүрген қаршадай қыздың қарекеті көз сүйсіндіреді. Бастысы кейіпкеріміз «жоқ-жоқ» демей, әр адам өз күнін көруге машықтану керегін айтады. Талабы таудай бойжеткеннің ақылға бірлігі барына шүкірлік қылып, тілеулестігімізді білдірдік.

Д.Садық

Это может Вас заинтересовать