Войти через

  • 22°C

Вторник, 23 апреля

Танымал айтыскер-ақын Алматы облысының Құрметті азаматы атанды

TINFO
TINFO
Служба новостей

Елімізге танымал айтыскер-ақын Надежда Лушникова Алматы облысының Құрметті азаматы атанды. 22 қараша күні ақын 80 жасқа толды, деп хабарлайды Tinfo.kz.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Надежда Андрейқызының шаңырағына келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын тапсырды. 

«Құрметті Надежда Андреевна! Сізді мәртебелі мерейтойыңызбен құттықтаймын! Халқымыз өзіңізді айтыс өнерін дамытуға мол үлес қосып келе жатқан айтулы ақын, ұзақ жылдар бойы білім беру саласында қажырлы қызмет атқарған ұлағатты ұстаз ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау, достық пен сыйластық жағдайында бақытты өмір сүру, сол арқылы өркениетті мемлекет қалыптастыру бағытында жалынды жырларыңызбен жеткізген тілектеріңіз Қазақстанның әрбір азаматының жүрек төрінен орын алады деп есептеймін. Өнегелі өмір жолыңызда ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беріп келесіз. Ел жастарының бойына адами асыл қасиеттер мен отансүйгіштік рухын сіңіру туралы ізгі бастамаларыңыз әрдайым қолдау таба берсін. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс және отбасыңызға амандық пен құт-береке тілеймін», - делінген хатта.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли облыс басшысының құттықтауын тапсырды. 

«Жас шағыңызда Сыр өңірінен басталған ізденіс жолы туған өлкеңіз Жетісу жерінде одан әрі толысып, сізді өмірдің де, өнердің де үлкен баспалдақтарына бастады. Тұтас өміріңіз қазақ өнерімен біте қайнасты. Жастайыңыздан ойы ұшқыр, жүрегі жалын, сөз құдіретін өз құдіретім деп білетін ерек қасиетіңізбен дараландыңыз. Айтыстың хас дүлдүлдері Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі бабалардың салған сара жолын жалғап, сөз өнерінің туын көтердіңіз. Журналистика, мәдениет салаларында атқарған еңбегіңіз бір төбе. Елжанды пейіліңіз, дархан ниетіңіз, туған елдің тілі мен дәстүріне деген құрметіңіз сізді қазақ үшін тілегі бір, жүрегі бір асыл адамға, аяулы келінге, абзал анаға, ардақты ақынға айналдырды. Өзіңіздей ақылы кенен, парасаты терең аңыз адамның бүгінде арамызда жүргені, Жетісу өлкесінің азаматы болғаны – біз үшін зор мәртебе. Сіздің мағыналы да байсалды өмір тәжірибеңіз – кейінгі буын өкілдеріне, тәуелсіз еліміздің жастарына өнеге боларлық тағылымды жол. Ұлағатты ұрпақтарыңызбен мың жасаңыз. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыңызға құт-береке тілеймін! Тойыңыз тойға ұлассын!», - делінген құттық хатта.


Ақын, сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан да алғыс хаттар алды. Аудан әкімі Бағдат Әлиев ақынға барша Жамбыл ауданы тұрғындарының  ыстық сәлемін жеткізіп,  сый-сияпат жасады.

Еске салсақ, Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылында туған. Қазақ мектебінде білім алған.

1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты филология факультетінің қазақ бөлімін бітірді. Жастайынан  өлеңді жазып та, суырып та шығарады. Алғаш1963 жылы Қызылордадағы облыстық айтысқа қатысып, жүлдегер болды. Шымкенттік Қалдыбек Әліқұловпен айтысы киноға түсірілді. 1965-1979 жылдар алалығында аудандық, облыстық айтыстарға қатысып әріптестерін жеңді. Тек айтыс өнерінде ғана емес,  газетте әдеби қызметкер, баспа редакторы, мектепте мұғалім болды. 1985 жылдан бастап Үмбетәлі Кәрібаев мұражайының директоры қызметін атқарып, зейнетке шықты. 

Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.

Это может Вас заинтересовать