ҮЗДІК ТӘЖІРИБЕЛІК ОРТАЛЫҚ: КӨКСУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ТУРАЛЫ
Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі. Бүгінгі таңда Жетісу облысы халқының 70%-ы ауыл тұрғындары. Соңғы жылдары ауыл медицинасын дамыту мақсатында көптеген шаралар қолға алынуда. Оның ішінде МӘМС жүйесінің енгізілуі де үлкен өзгерістер алып келді. Осы тақырыпта Көксу аудандық аруханасының басшысы Жаннұр Сырымовпен сұхбаттасып, ауыл тұрғындарына медициналық қызметті ұйымдастырудағы өзгерістер туралы білдік.
-Аудандық аурухананың басшысы ретінде МӘМС жүйесінің ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде қандай рөл атқаратынын айтып берсеңіз.
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады. Ағымдағы жылдың 11 айында Көксу аудандық ауруханасында күндізгі стационарда барлығы 2,5 мыңнан астам адам емделіп шықса, соның 67,3%-ы МӘМС жүйесі арқылы медициналық көмек алған. Ал жалпы стационарлық ем алып шыққан төрт мыңнан астам науқастың 76%-ы МӘМС жүйесі арқылы емделген. Амбулаторлық емханалық көмек көрсету барысында 200 мыңнан астам медициналық қызметтер МӘМС жүйесі арқылы орындалды. Осы жерде айта кететін маңызды мәселе, 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар «сақтандырылған» мәртебесіне ие және оларға МӘМС тізіміне кіретін барлық медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Мемлекет есебінен МӘМС үшін жарна төленетін жеңілдік санатына 18 жасқа дейінгі балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін тұлғалар, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы тұлға, мүгедек баланы күтіп-бағатын жұмыс істемейтін адамдар, бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адам, зейнеткерлер, жұмыс істемейтін қандастар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, барлық топтағы мүгедектер, студенттер және АСП алушылар. Осы азаматтарға медициналық көрсеткіштеріне қарай МӘМС пакетіндегі барлық медициналық көмек еш кедергісіз, тегін қолжетімді. Осылайша ауылдық жерлерде денсаулық сақтау мекемелерін қолдауға, медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және осы салалардағы денсаулық деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін жарналар арқылы денсаулық сақтауды қаржыландыру қамтамасыз етілуде. Денсаулық сақтау Министрі Ажар Ғиният айтқандай, МӘМС жүйесі дені сау адамдар науқастар үшін, байлар кедейлер үшін төлейтін принципімен жасалған. Мысалы, бүгін адамға ешқандай медициналық көмек керек болмауы мүмкін, бірақ-та келесы жылы оған миллион теңгені қажет ететін күрделі операция керек болып қалуы мүмкін. Коронарографияны, миокард инфарктісі кезіндегі жедел коронарлық синдромды алсақ, емдеу құны 1,2 млн - 1,5 млн теңгені қажет етеді. Сол себептен тұрғындар қазірден бастап айына 3500 теңгені МӘМС жүйесіне құю арқылы алдағы уақытқа сақтандыру статуса ие бола алады.
- Соңғы 3 жылда ауыл халқына медициналық қызмет ұйымдастыруда қандай өзгерістер бар?
- МӘМС жүйесі енгізілген соңғы 3 жылда айтарлықтай өзгерістер болып жатыр, медициналық көмек көрсету деңгейіміз біршама жоғарлады. Үш жыл бұрын көптеген медициналық-лабораториялық, инструменталдық зерттеулер, мамандандырылған дәрігерлік кеңестер қалаға жолдама беру арқылы көрсетілетін, қазірде бұл аталған қызметтердің барлығы өзіміздің аудандық ауруханада бар. Мысалы, бұрын ультрадыбысты зерттеулер, компьютерлі томограф, невропатолог, офтальмолог, кардиолог, эндокринолог, уролог, ЛОР, онколог, маммолог және тағы басқа дәрігерлердің консультациясы үшін тұрғындарды қалалық ауруханаларға жіберетін болсақ, қазіргі таңда бұл қызметтерді өзіміз көрсетеміз. Ауруханамызда инновациялық технология енгізу бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр, атап айтқанда лапароскопиялық әдіспен күрделі оталар жасалуда. 2022 жылы жалпы 500 астам ота жасалса оның – 12,6% лапароскоп арқылы жасалды, 2023 жылы 400 астам ота жасалынып оның – 15,1% лапароскоп арқылы жасалып, жақсы нәтижелерге қолжеткіздік. Аудан тұрғындары жоғарымамандандырылған көмектен тыс қалмау үшін «Ашық есік» күндерін жүйелі түрде өткізіп тұрамыз. А.Н.Сызғанов атындағы «Ұлттық ғылыми хирургия орталығының» мамандары, оның ішінде кардиохирургтар, гепатологтар, билиарлық хирургтар, нефролог, ангиохирургтар және басқа да қажетті мамандар жыл сайын келіп, ЭХО кардиография, қан-тамырлардың УД зерттеулерін тұрғындарға тегін жүргізіп тұрады. Одан бөлек аудан деңгейінде көрсетілетін медициналық көмек түрлерін көбейту мақсатында жас мамандарды тарту бойынша бірнеше бағытта жұмыстар жүргізілуде. Біріншісі, Enbek.kz электронды порталы арқылы бос орындарды жариялай отырып жұмысқа қабылдау. Екіншісі, жыл сайын С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да өтетін «Бос орындар жәрмеңкесіне» қатысып, ауданымызға қажетті мамандарды шақыру арқылы жұмысқа орналастырамыз. Биылдың өзінде 20 жуық жас дәрігерді жұмысқа қабылдап, оларға аурухана тарапынан және әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетудеміз.
- Ауыл тұрғындарына медициналық көмек қаншалықты қолжетімді?
- Жоғарыда атап өткендей ауыл тұрғындары ешқандай медициналық көмектен тыс қалып жатқан жоқ. Аудандық емханада 20-дан астам мамандық бойынша көмек ала алады және 300 астам қажетті диагностикалық қызметтер түрлерімен қамтылуда. Аудан халқына 6 амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт, 7 медициналық пункт пен орталық аудандық аурухана медициналық көмек көрсетеді. Оған қоса шалғай ауылдағы тұрғындарға аталған қызмет түрлерін көрсетуге жыл бойы жылжымалы медициналық кешен аралап көмек көрсетеді. Ол кешен ішінде стоматологиялық көмек, рентгендиагностика, УЗИ, байланыссыз көз тонометриясы, лабораторлық диагностика мүмкіндіктері бар және ауыл тұрғындарына қажет деген кез-келген мамандар қосақталып бригада ұйымдастырылып әр ауылға барып көмек көрсетеді. Ал енді жоғарымамандырылған көмекке келсек, бұл медициналық көмектен тыс қалмау үшін жылына 1-2 мәрте Алматы қаласынан 15 мамандық бойынша дәрігерлерді арнайы шақырып Алматыға бара алмай жүрген науқастарды осы өзіміздің ауданда қаралатындай мүмкіндік жасаймыз. Халыққа медициналық көмек көрсетудің сапасын жақсарту мақсатында жақында Көксу аудандық емхананың ішінен «Үздік тәжірибелік орталық» ашылды. Бұл облысымыздағы осындай үшінші орталық болды. Орталық дәрігерлерге ауруға қарсы профилактика жасаумен бірге халықтың әлеуметтік жағдайын да зерделеуге көмектеседі. Яғни, әлеуметтік мұқтаждықтары бар, өмірде түрлі кедергілерге ұшыраған азаматтарды оңалту үшін тиісті органдармен бірлесе жұмыс атқаратын боламыз.
Аурухананың басты құндылығы - ол әрине дәрігерлер. Ауданға дәрігер тарту өзекті мәселенің бірі, осы жұмысты үздіксіз жүргізгеннің арқасында 2022 жылы 25 маман, 2023 жылдың 18 маман ауруханаға жұмысқа тұрды. Бүгінгі күні дәрігерлер саны 80-ге жетті. Дәрігерлерге әлеуметтік қолдау мен жайлы жұмыс орнынын қамтамасыз етудеміз. Айта кететін мәселе ол әріне аудан әкімшілігінің медицина саласын деген көзқарасы. Осы уақытқа дейін біздің дәрігерлерімізге 8 пәтер берілді. Одан бөлек «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы да мамандардың үй алуға мүмкіндіктері бар.
- Емханадағы кезек мәселесі бойынша халықтық шағымдары көп. Осы мәселе бойынша не дейсіз? Жалпы пациенттер тарапынан түсетін шағымдармен қалай жұмыс істесіздер?
- Кезек, медициналық қызметті ұзақ күту әлеуметтік медицина саласында бар мәселесе. Кез-келген адам медициналық көмекті дереу алғысы келеді. Бірақ, емханаға жүгінген кезде жалпы жоспарлы медициналық көмек, атында айтып тұрғандай шұғыл араласуды талап етпейтін ескеру керек. Әрине, адам өміріне қауіп төніп тұрған жағдайда міндетті түрде дереу көмек көрсетіледі. Ал жоспарлы көмек заң аясында 10 күн аралығында жолдама бойынша көрсетіледі. Одан бөлек, жүйелі түрде емдік шараларға жүгінетін созылмалы дерті бар науқастарға алдын ала емдеу жоспарына сәйкес уақытылы емханаға келуіп, алдын-ала дәрігерге жазылуға кеңес береміз. Емдеуді алдын-ала жоспарлау шет елдердің медицина практикасында бар. Бұл да кезекті азайту мақсатында қолданылатын тиімді шаралардың бірі деп есептеймін. Ал егер пациент көрсетілген медициналық қызметке қанағаттанбаған болса, немесе заңда бекітілген құқығы бұзылып жатса, әр емханада бар пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне алатынын ескертеміз. Медициналық ұйым әрқашанда өзінің пациентінің құқығын қорғауға, түсіндіруге мүдделі, әр шағым немесе ұсыныс мамандармен қаралып, оң шешімін табады.
- Сұхбатыңызға рахмет!