Жетісу облысында таксист жолаушы әйелді бопсалағаны үшін сотталды
Жетісу облысында такси жүргізушісі жолаушы әйелдің жеке әңгімесін жазып алып, оны бопсалаған.
Қаңтар айында ер адам Алматыдан Қарабулақ ауылына жолаушыларды тасымалдаған. Жол барысында жолаушылардың бірімен әңгіме өрбіп, өзгелері түскен соң олар жақынырақ танысады. Алайда бірнеше күннен кейін таксист әйелге WhatsApp арқылы хабарлама жіберіп, видеорегистраторға жазылған әңгімесін күйеуіне көрсететінін айтып, 50 мың теңге талап еткен.
Әйел жанжалдан қауіптеніп, көрсетілген соманы аударған. Алайда жүргізуші бұл әрекетімен тоқтамай, тағы да ақша талап еткен. Осыдан кейін әйел құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болды. Ер адам ақшаны алып жатқан кезінде қолға түсті.
Сот процесі барысында күдікті А. кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Сот оның бұл әрекетін ескеріп, 1 жыл 6 айға бостандығын шектеу және 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарды. Сонымен қатар ол жәбірленушіге 200 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.