Войти через

  • 15°C

Четверг, 25 апреля

Жетісулық спортшылар өткен жылы 2537 медаль жеңіп алды

TINFO
TINFO
Служба новостей

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі спорт саласының үздіктерін марапаттады. Олардың арасында XXXII жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алғандар, 2019 жылы өткен Әлем және Азия Чемпионаттарының жүлдегерлері, жаттықтырушылар мен журналистер де бар. Соның ішінде, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионаттарында топ жарған Алматы қаласындағы Алматы облыстық № 1 балалар үйі тәрбиеленушілерінің жеңістерін облыс әкімі ерекше ықыласпен атап өтіп, жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды TINFO.KZ Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанат сарайында өткен шарада 2019 жылы облыстың спортта жеткен жетістіктері сараланып, қорытындысы паш етілді. Бұл туралы фойеде ұйымдастырылған көрмеде және көпшілікке ұсынылған бейнефильмде егжей-тегжейлі баяндалды. Бұдан соң сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов өңірдегі спорт саласының бүгінгі бағыт-бағдары, қолдау шаралар жайлы қысқаша айтып өтті.

Сонымен қатар өз сөзінде «Жетісу» футбол клубының жыл қорытындысын 5-ші орынмен аяқтап, жақсы ойын көрсеткеніне, сол сияқты волейболдан «Жетісу» әйелдер командасының да жеңісті жолдарына тоқталды. Көгалдағы хоккей, гандбол сияқты басқа да спорт түрлеріндегі жетістіктер көңіл қуантады. Облыс әкімі, әсіресе, зор табыстарға жеткен Алматы қаласындағы Алматы облыстық № 1 балалар үйі тәрбиеленушілерінің жеңістерін ыстық ықыласпен атап өтті. «Балалардың қазірден-ақ өмірдегі бағыт-бағдарын айқындап, өз жолын тапқаны мені ерекше қуантады», - деді облыс басшысы. Жалпы спортшылардың тынымсыз еңбекке толы өмірі, қиын да жеңісті жолы қашанда өскелең ұрпаққа үлгі екенін айтты.

Марапаттау барысында «Жылдың ең үздік спорт мекемесі» атанған Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөліміне, № 1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне және федерациялар арасында үздік деп танылған Алматы облысының волейбол федерациясына облыс әкімінің дипломы мен 500 мың теңгенің ақшалай сертификаты табысталды.

Сол сияқты Халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін 50-ге жуық спортшы мен 20-дан астам жаттықтырушыға, спорт тақырыбын насихаттаушы БАҚ өкілдеріне де 150-300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық сертификаттары берілді. Марапатқа ие болғандардың дені - Әлем және Азия чемпионаттарының, паралимпиадалық Әлем чемпионаттарының жүлдегерлері.

Салтанатты шарада облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Нүркен Нұратов, «Жетісу» газетінің тілшісі Ришат Тұрғанбайұлы, волейболдан Қазақстан Республикасының спорт шебері, ҚР Кубогының иегері Әлия Баткулдина спортшыларды құттықтап, облыс басшылығына қамқорлық шаралары үшін ризашылықтарын білдірді.

Жалпы 2019 жылдың қорытындысы бойынша атап өтсек, Алматы облысының спортшылары 2537 медаль жеңіп алды, соның 906-сы – алтын, 709-ы – күміс, 922-сі қола. Бір жылда 1 еңбек сіңірген спорт шебері, 34 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 173 спор шебері, 998 спорт шеберіне кандидат, 922 бірінші разрядты спортшы дайындалған. Жыл сайын жергілікті бюджеттен 108 үздік спортшыға ай сайынғы стипендия төленіп отырады. Соның ішінде 28 спортшы – мүмкіндігі шектеулі жандар.

Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Это может Вас заинтересовать