Динара Сәтжан: Жетістік құпиясы — күлімсіреуде

09.05.19

Общество
Служба новостей
Елімізге танымал тележүргізуші, кәсіпкер әйел, «Миссис Қазақстан-2009» байқауының жеңімпазы Динара Сатжан Талдықорғанда тұңғыш рет әйелдер қауымына семинар өткізіп, жетістігінің қыр-сырымен бөлісті, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі Өңірлік коммуникациялар орталығына сілтеме жасап. Динара Сәтжан «Әйел адамның бизнестегі рөлі» тақырыбы аясында сөз қозғады.
Әр салада кәсібін дөңгелетіп жүрген табысты тележүргізуші телеарнаға 16 жасында келген. Тіпті, алғашында екі жыл тегін жұмыс істеуіне тура келгенін ашық айтты.
«Арман — адастырмайды. Жетістікке жету жолында ең бастысы осы сөзге сену қажет. Мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында еңбектенсеңіз, сол істің жемісін жейсіз. Жас кезімде жеке басыма, жұмысыма қатысты көптеген сын естідім. Алайда, мен берілген емеспін, керісінше ол сын менің алдыға қарай жылжуыма серпін берді», — деді спикер.
Сәтжанның пікірінше, жетістік  құпиясы – күлкі мен күлімсіреуде. 
Сегіз жылдан астам кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан бизнес-ханым болашақта өзін сан қырынан сынап көруге әзір. Жақында бизнес саласы жайында жазылған кітабын да жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. 
«Қазақстанда танымал кәсіпкерлер көп. Бірақ, олардың кәсібі жайлы жазылған кітап жоқтың қасы. Мысалы, «Меломанға» кірсеңіз ол жерде тек шетелдік кәсіпкерлер туралы бизнес кітаптарды оқи аласыз. Сол үшін менің ойымша, осындай кітап керек деп ойладым. Кітап жазуыма осы мәселе түрткі болды», – дейді Динара Сәтжан.
Сонымен қатар семинар барысында тележүргізуші қатысушылар сауалдарына жауап берді.
Айта кету керек, аталмыш шараны Алматы облысының Ішкі саясат басқармасы мен Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырды.

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі