Нарынқолда 20 жыл трактор айдаған көпбалалы ана бар
Алматы облысының Райымбек ауданы, Нарынқол ауылының тұрғыны Айсара Ахметова 20 жылдан астам уақыт трактор мен комбайн айдап, қызмет еткен, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі. 1941 жылы дүниеге келген нәзік жанды Айсары Ахметова бүгінде 8 баланың анасы.
«Кішкентай кезімнен қиыншылықты көп көрдім. Бойжеткен шағымда, Қақпақ ауылында қарағай тілдім. СПТУ Шәлкөде де 1 жылдық тракторист курсын аяқтап, «Өрнек» участкесінде МТЗ-80 тракторын айдап 80 гектар жерге картоп септім. 1983 жыллан бері жолдасымның көзі көрмей қалды, бұл мен үшін үлкен соққы болды. Алайда мен, бала-шағамды оқытып жеткізу үшін аянбай еңбек еттім»-, дейді шаруагер.
Көп жылдар бойы еткен еңбегі үшін «Еңбек Ері» және 8 баланың анасы ретінде «Алтын алқа», сонымен қатар аудан әкімінің бірнеше мәрте құрмет грамоталарымен марапатталған.
Бүгінде, 2 ұл 6 қыздан 19 немере, 18 шөбере сүйіп отырған ардақты ана. Қолы қалт етсе, құрақ құрап, көрпе тігумен айналысатын Айсара әже «Еңбек түбі-жеңбек, Еңбектің наны тәтті» деп немерелерін үйретуден шаршаған емес.
Фото: Райымбек ауданының әкімдігі.