Әскерилер балаларға арнап ауқымды мерекелік шара өткізді

01.06.19

Общество
Служба новостей
Алматы қаласы Әуезов ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының әскери қызметшілері балалар күніне орай ауқымды мерекелік ойын-сауық шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі.
Мереке Family park саябағында өткізілді. Бұнда балалар үшін аниматорлардың қатысуымен көңілді концерт ұсынылды. Ойын алаңдары, қызықты аттракциондар, кинотеатрлар балалар үшін тегін қызмет көрсетті. Балақайларға арнап шығармашылық байқаулар, түрлі сайыстар мен өзге де қызғылықты шаралар ұйымдастырылып, үздіктер анықталды.
Сонымен қатар, ұйымдастырушы әскери қызметшілер палатадан қалашық тұрғызып, балалар мен ересектерге дала жағдайында дайындалған солдат ботқасы мен палаудан дәм таттырды.
Менің төрт балам бар, ұйымдастырылған дастархан біз үшін үлкен көмек болды. Ұйымдастырушы әскери қызметшілерге аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларын ескеріп, арнайы шақырғандары үшін шексіз алғысымды білдіремін, — деді көпбалалы ана Әлия Әбішева.
Әр ересек адамның айнымас парызы – балаларды бақытты ету, оларға махаббат сыйлау,- деп санайды әскери қызметшілер.
-Баланың күлкісі әр ата-ана үшін ең қымбат сыйлық. Осы шаттыққа толы мейрамда барлық балаларға қуаныш пен шаттық тілейміз, — деді ұйымдастырушы әскери қызметшілер бірауыздан.
Ғажайып сәттерге толы мерекелік шарадан балдырғандар шаттыққа толы көңіл-күймен қайтты.
Фото: РЭжБӘИИ баспасөз қызметі.