Талдықорғанда Жетісудың жеті батырына құрмет көрсетілді

05.07.19

Общество
Служба новостей

Өңірде ерлігімен, қайсар рухымен көпшілікті тәнті еткен жандардың есімін жаңғырту мен ерліктерін танымал ету мақсатында  «Жетісудың жеті батыры» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі.

Жаңа жобаны бастаған белгілі журналист, блогер Сандуғаш Дүйсенова.

«Бұл күнде қайсарлық танытатын азаматтар кемде-кем. Бірақ, көпке топырақ шашуға да болмайды. Өз өмірін ойланбастан басқа азамат үшін қиып, қол ұшын созатындар да жетерлік. Тіпті, өмірден озғандарда қаншама. Сондай игі істерді атқарған азаматтарымыздың ерен еңбектерін жаңғырту мақсатында  Алматы облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен байқау ұйымдастырдық», — дейді жоба авторы.

Жалпы байқауға 7 аталым бойынша 30-дан астам азаматтардың өтініштері  қабылданған. 7 жеңімпаз әлеуметтік желі арқылы жиналған дауыс арқылы анықталды.

Байқаудың «Жанған жұлдыз» номинациясы 2012 жылы Қапшағай су қоймасының жанында шомылып жүрген бейтаныс баланы құтқарамын деп, өз басын тәуекелге тіккен Олжас Құлжабековтың ата-анасына табысталды.

«Биыл баламыздың арамызда жоқтығына 11 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Олжасымыздың ерлігін әрдайым ұмытпай, әртүрлі іс-шараларда ескеріп, марапаттап жатады. Бір шетінен ата-ана ретінде бізге қуаныш, бір жағынан баламыздың ортамызда жоқ болғаны үлкен қайғы.Ұлымызды жоқтатпай марапаттап жатқан ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз», — деді Олжас Құлжабековтың әкесі Серік Құлжабеков.

Сонымен бірге тағы 6 жеңімпаз марапатталды. «Ерлігі үшін» Қалиев Қанат, «Халық батыры» Досымбеков Кадирхан, «Ержүрек» номинациясы Абдиев Ельдар, «Кейіпкер» аталымы Арман Бахытбайұлы, «Қаһарман қыз» номинациясы Ситасманова Камилла, «Жүректен жүрекке» аталымы «LIDER.KZ» еріктілер қозғалысына берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта байқау өз жалғасын табатын болады. #Жетісудыңжетібатыры хэштегімен ерлігін елге насихаттауға тұрарлық есімдер туралы хабарламалар жариялауға болады.

Фото: Өңірлік коммуникациялар орталығы.