Войти через

  • 6°C

Понедельник, 29 апреля

Бейсен Құранбек туралы естелік кітап шықты

TINFO
TINFO
Служба новостей

Журналист Бейсен Құранбек туралы «Біздің Бейсен» атты естелік кітап жарық көрді, деп хабарлайды Tinfo.kz

«Біздің Бейсен» кітабы 1000 данамен шықты. Жинаққа Елбасының, мемлекет басшысының көңіл айтуынан бастап ел ағаларының естелігі, замандастарының толғаныстары,қарапайым көрермендердің ықыласы топтастырылды.

«Бейсекең кеткелі жазылған әрбір жазбаны алуға тырыстық. Барлығы 170-тей естелік пен 90-ға тарта арнау өлеңі бізге жеткен екен, алаламай, көркемдік қуатын сараламай түгел енгіздік. Секең, Досекең үшеуміз отырып "кітап құрастырамыз" деп шешім қабылдап, іске кіріскенде көп адам тілеулес болды, бір жағымыздан шығысып жәрдемдесті. Солардың бәріне Бейсен Құранбектің отбасы атынан, бауырлары атынан, дос-жаран, әріптестері атынан алғыс айтамыз! Айтпақшы кітап мұқабасының дизайнын Бейсекеңнің қызы Іңкәр жасады», - деп жазды құрастырушылардың бірі, журналист Есболат Айдабосын.

Бейсен Құранбектің досы болған журналист Серік Әбікенұлы кітапты «сыйлы сөз бен жылы лебіздің белгісі» деп атап өтті.

«Кітап қолға тиді. Бейсекең жайлы естеліктер, жырлар... Даулет Ашимхан бауырыма рақмет, тең жартысын тегін шығарды. Есболат Айдабосын, Ришад Турганбаев, Арай Жүндібаева, еңбектеріңізге мың алғыс! Достан қалар бір белгі - сыйлы сөз бен жылы лебіз! Көптен күңіренген көңілге бұл да бір медеу!», - деп жазды «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы.

Еске салсақ, елімізге танымал журналист, «Жетісу» телеарнасының директоры болған Бейсен Құранбек 18 мамыр күні 49 жасына қараған шағында дүние салды. Ол «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы отандық журналистикада өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Журналисттің жарқын бейнесін есте қалдыру мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Бейсен Құранбек атындағы жастар арасындағы «Жігер» сыйлығын жариялады.

Это может Вас заинтересовать