Войти через

  • 14°C

Понедельник, 29 апреля

Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинали Ысқақ зейнетке шықты

TINFO
TINFO
Служба новостей

Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинали Ысқақ зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты қызметінен босатылды, деп хабарлайды Tinfo.kz

Бұл туралы ол сейсенбі 30 маусым күні Instagram жеке парақшасында жазды

«... Өмірімдегі ең үлкен бақыт – ғұмырымның жартысынан астамы осы шыбық ексең тал болған қасиетті мекен Еңбекшіқазақ ауданының дамуына тамшыдай болсын үлесімді қосқандығым. Өзім басшылық жасаған 8 жылдан астам уақытта өздеріңізбен бірге табысты еңбек еттік деп есептеймін. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындар тұрмыс-тіршілігінің түзелуіне, кәсіпкерлік саласының өсіп-өркендеуіне жол ашу – басты мақсатым болды. Осы жолда табан ет, маңдай терімді тіліп еңбек еттім», - деп жазды ол.

Бинали Ысқақ жұмыс кезінде жетістіктермен қатар, кемшіліктердің орын алғанын атап өтті.

«Әрине, жеткен жетістіктер аясында таңды таңға жалғап айтуға болады, әйткенмен, орын алған кемшіліктер де көрініс тапты. Өткен өмірдің берер сабағы, үлгі-өнегесі көп-ақ, бірақ оған қорытынды жасау маңызды. Мен ешқашан ауданды өзім өркендеттім деп айтпаймын. Қандай биік белестерді бағындырсақ та, Сіздермен бірге қол жеткіздім. Себебі, халық – таразы. ... Осынау жылдар ішінде күрделі кезеңдерде бірге өттік, осы ақжарылқап күнге бірге жеттік. «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ» деген. Жіберілген кемшіліктерім, ақталмаған үміттеріңіз болса, кешірім өтінемін. Өйткені менде ет пен теріден жаралған адаммын!», - деді.

«Осы орайда, Сіздерге, құрметті аудан тұрғындары, ел жанашырлары, шынайы ризашылығым мен алғысымды білдіруді жөн санап отырмын. Рас, Сіздердің тараптарыңыздан түрлі сын-ескертпелерді тыңдап, сын мен мінді түзедім, одан сабақ алдым. Себебі, орынды сын ойлантпай қоймайды. ... «Екінші өмірдің» жасына шықсамда, өзімнің сүйген ісімді, бойымнан қуат кеткенше істеп, ауданның жанарашыры болып қала берем. Ел тізгінін ұстаған Дінмұхаммед Ахметұлы айтқандай, «Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім». Мен әрқашанда Сіздермен біргемін!», - деп қорытты жазбасында.

Айта кету керек, Бинали Ысқақ Алматы облысының тумасы. 1957 жылы дүниеге келген. Қазақ политехникалық институты мен Қазақ ауыл шаруашылығы институтын аяқтаған. 2010 жылы экономика ғылымдарының докторы атанды. Әр жылдары түрлі бизнес құрылымдарда қызмет атқарды.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің проректоры, Алматы облыстық қаржы бөлімі басшысының орынбасары, «Қазпошта» филиалының директоры сынды қызметтерде болды. Алматы облысындағы Жамбыл ауданын басқарды. 2012 жылдан бері Енбекшіқазақ ауданының әкімі болды.

Это может Вас заинтересовать