Войти через

  • 4°C

Суббота, 27 апреля

Ескелді ауданында шағын және орта бизнес өркен жаюда

TINFO
TINFO
Служба новостей

Қазіргі таңда кез келген мемлекеттің экономикасы шағын және орта кәсіпкерлік нысандардың негізінде өркендеп отыр. Оған көз жеткізу үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Әлемдік аренада тауар өндіру мен дайын өнім шығарудан АҚШ-ты ығыстырып, бірінші орынға жайғасқан қоңсы қонған көршімізден аңғаруға болады. Қарапайым тағы бір мысал, үй шаруасы болсын, тұрмыс болсын, яки жұмыс барысында болсын пайдаланып отырған тауарымыздың астарына үңіліңізші, «Қытайда жасалған» деген жазуды көз шалмау мүмкін емес. Бұл коммунистік идеологияның тізгінін ұстап, алайда нарықтық экономикаға бейімделген аспан асты елінің шағын және орта бизнесті өркендету жолында аянып қалмағанын аңғартады. Әрине, Қазақстан да кәсіпкерліктің бұл бағытын дамытуға күш салуы экономикамыздың өркендеуіне септесуде. Бүгінде елімізде кәсіпкерлік нысандардың құқығын қорғау, мемлекет тарапынан қамқорлық жасалу жайы да жыл өткен сайын күшейіп келеді. Мұны алысқа бармай, Жетісу облысының орталығына жақын орналасқан Ескелді ауданынан аңғаруға болады. Ауыл шаруашылықты тұрмысына арқау еткен айтулы ауданның кәсіпкерлік саласында ойып алар өз орны бар. Соңғы жылдары мұндағы кәсіпкерлердің саны молайып, соның арқасында ауданның іргесі кеңейіп, халықтың тұрмысы да жарасымды бола түсуде, tinfo.kz хабарлайды

Ескелді ауданындағы кәсіпкерлік жайын таразыламаққа аудандық кәсіпкерлік бөлімімен байланыстық. Бақсақ бақа дегендей, мұндағылар ауданда шағын және орта кәсіпкерліктің айрықша дамып жатқанын алға тартты. Ескелді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Темірлан Қадырхановтың айтуынша, соңғы жылдары кәсіпкерлікке қызығушылар да, кәсіппен айналысушылардың да қатары молайған.

 - Ауданда түрлі бағытта қызмет етіп жатқан кәсіпкерлік нысандардың саны жыл сайын молайып келеді. Әсіресе, бұл салаға жастардың қызығушылығы артқан. Оның үстіне мемлекет тарапынан, мемлекеттік құрылымдар тарапынан несиелік жеңілдіктер молайып, жөн-жосықсыз тексерулер азайды. Шын мәнінде кәсіп етемін дегендерге мемлекет бар жағдайды жасауда. Қайтарымсыз гранттар мен кәсіпкерлікке баулитын арнайым оқулар оң нәтижесін беруде. «Бастау-бизнес» сынды кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгертетін бағдарламаларға талайлар ризашылығын білдіруде. Өйткені, кәсіп бастау үшін қаржы керек. Ал қаржысыз кәсіп ету мүмкін емес. Мұны ескерген үкімет түрлі бағдарламалар ұйымдастыруда, кәсіпкерлікке қолдауды күшейтуде, - Ескелді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Темірлан Қадырханов.

Бөлім қызметкері айтқандай, шынында кәсіпкерлікпен шұғылданып жатқандардың саны бірер жылда артқан екен. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда биыл кәсіпкерлік нысандардың саны 304-ке артқан. Былтыр аудан бойынша 2769 кәсіпкерлік субъектісі кәсібін дөңгелетсе, биыл бұл сан 3134-ке жеткен. Ал Ескелді аудандық кәсіпкерлік бөлімі кәсіпкерлік нысандардың саны 2972-ге жетеді деп жоспарлаған еді. Оның ішінде шағын кәсіппен шұғылданушылардың саны саны өткен жылы 37-ні құраса, биыл бұл сан 38-ге жеткен. Ал шағын кәсіппен шұғылданушылардың саны басымырақ. Мәселен, кәсіптің бұл түрі тап қазір аудан бойынша 173 болса, өткен жылы 160-ты құраған. Ауданда жеке кәсіп орындарының саны едәуір өскен. Бұл шын мәнінде өндірістің, дайын өнімнің шығуы молайғанын аңғартады. Енді Ескелді аудандық кәсіпкерлік бөлімі берген мәліметтерге тоқталсақ, биыл жеке кәсіпорындардың саны 306-ға ұлғайған. Мысалы бұл нысандар өткен жылы 1146-ті құраса, биыл 1452-ге жетіп отыр. Есесіне үстіміздегі жылы жеке шаруа қожалықтарының санында кему байқалады. Кему саны аса да көп емес. Бар-жоғы 16. Өткен жылы кәсіпкерліктің бұл субъектісінің саны аудан бойынша 1487-ні құраса, биыл кему нәтижесінде 1471-ге сырғыды.

Кәсіпкерліктің өркен жаюы, ел тұрғындарының шағын және орта бизнеспен көптеп айналысуы еліміздің басты мәселесі жұмыссыздықтың азаюына септеседі. Мәселен, қазіргі таңда отандастарымыздың 27-28 пайызы осы салада қызмет етіп, нәпақасын тауып жүр. Бұл нақты сан. Ал Ескелді ауданында да бұл цифрда ілгерілеу бар. Мысалы, өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында өткен жылы 5650 аудан тұрғыны жұмыс істесе, биыл кәсіпкерліктің осы санатындағы нысандарда 5893 ескелділік нәпақа тауып жүр. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі бұл сан 5591-ді құрайды деп жоспарлаған еді. Алайда биыл 243 адам шағын және орта кәсіпкерлік нысандарға жұмысқа орналасқан. Тарқата түссек, биыл орта кәсіпкерлік нысандарында жұмыс істеп жүргендердің 227-ні құраса, былтыр 224 болған еді. Ал, шағын кәсіпкерлік субъектілерінде биыл 1056 аудан тұрғыны нәпақа тауып жүрсе, былтыр бұл сан 1030-ді құрады. Өткен жылы жеке кәсіп орындарда 1744 адам жұмыс істесе, биыл 1950 ескелділік азығын тапты. Сонымен қатар, жеке шаруа қожалықтарында биыл 2660 тұрғын ырызғысын жинаса, былтыр 2652 адам жұмыс істеген еді.

Ресми ақпарларға сүйенсек, Қазақстанда шағын және орта бизнестің жалпыұлттық ішкі өнімдегі үлесі 30-34 пайызды құрайды. Бұл дегеніңіз аз мөлшер емес. Ал ескелділік кәсіпкерлер өткен жылы 11203 млн. теңгенің өнімін шығарса, биыл 11774 млн. теңгенің өнімін өндіріпті. Өсім де, өнім де аз емесін аңғартады бұл сан. Тарқатсақ, биыл орта кәсіпкерлік нысандар 609 млн. теңгенің, шағын кәсіпкерлік 3650 млн. теңгенің, жеке кәсіп орындар 1080 млн. теңгенің, жеке шаруа қожалықтары 6352 млн. теңгенің өнімін шығарыпты. Бұл да болса ауданның әлеуетін біршама серпілтті деген сөз. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары былтыр аудан бюджетінің қалтасын 493 млн. теңгеге молайтса, биыл 582 млн. теңге бюджеттік төлем жасаған. Демек, кәсіпкерлік субъектілердің аудан қаржы қамбасын қампайтуда едәуір үлес қосуда деген сөз. Бюджеттік төлем жағын тарқата түссек, биыл орта кәсіпкерлік нысандар 241 млн теңге, шағын кәсіпкерлік нысандар 264 млн. теңге, жеке кәсіп орындар 25 млн. теңге, жеке шаруа қожалықтар 52 млн. теңге салық төлеген.

Қазіргі таңда шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы ретінде көрініс табуда. Әсіресе, жеке меншіктің нақты өмірде жүзеге асуы және орта таптың қалыптасуының материалдық негізі ретінде үлкен рөл атқарады. Демек, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі мемлекетімізде артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсару үстінде. Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы. Қорыта айтсақ, қолдау болып тұрған кезде кәсіпке келу қиындық тудырмайды. Жалпы кәсіпкерлікті дамыту үшін халыққа керекті ақпаратты жеткізіп, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырса, шағын және орта бизнестің жұлдызы жанатыны анық. Ол үшін кәсіпкерлікті құру мен дамытуға қанша несие керек, оны қайдан, қалай алу керек екенін білу қажет. Бұл туралы қажетті ақпаратқа ие болса, кәсіпкерлікке икемі бар адамдардың өзіне деген сенімі күшейіп, өз ойындағы жоспарларын біртіндеп жүзеге асыратыны белгілі. Демек, мемлекет осы жағдайды есепке алып, қарапайым халықты кәсіпкерлікке тартып, қоғам үшін пайдалы істің көбеюіне мақсатты түрде мүмкіндік беріп, жағдай жасап отыр.

Д.Садық

Это может Вас заинтересовать