Татулықты ту еткен жиын
Қазақстан әлемге татулық пен достықтың табан тіреген аймағы ретінде таныс. Өйткені, 130-дан астам ұлт өкілін жатсынбай, бауырына басып, тарих тәлкегіне ұшырап, ата жұртынан ажырағандарға құшағын ашып, достығын ұсынды. Содан бері сонша ұлыс ұланғайыр даланы тату-тәтті татулықпен мекендеп келеді. Сол татулық мекен еткен өлкеге талайлар қызыға қарайды. Бүгін Талғар ауданында достық туын көтерген жиын өтті. Жиынға ҚР Парламенті Мәжіліс депутаттығына үміткер Ж.Телпекбаева мен Ә.Әбсеметова этно мәдени орталықтардың өкілдерімен онлайн жүйеде жүздесті. Мұндағы мақсат – «Nur Otan» партиясының алдағы бес жылға негізделген сайлауалды бағдарламасын кеңінен түсіндіріп, осы уақытқа дейін партияның атқарған жүйелі жұмысын таразылау.
- «Nur Otan» - нақ істердің партиясы. Талай уақыттан бері халықтың жанынан табылып, олардың бар-жоғын түгендеумен келеді. Мысал келтіру үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Биыл ғана Мақтаралдағы ағайын аяқ-астын апатқа ұшырады. Тілсіз жаудың кесірінен үйсіз қалды талай отандасымыз. Міне, сол кезде партиямыз қапы қалмады. Сондағы ағайынды азық-түлікпен, қажетті жабдықпен қамтамасыз ету үшін көлік-керуенін жөнелтті. Одан бөлек, әлемді жайлаған пандемия кезінде аз қамтылған, көп балалы отбасыларға 50 мың теңгеден жәрдем берді. Бір емес, жеті мәрте. Міне, халық партияның осындай игілікті істерін біледі, - деді Ә.Әбсеметова.
Онлайн жиын барысында екі тарап түрлі бағытта сұрақ-жауап алмасты. Мұнан бөлек, үміткерлер партияның алдағы бес жылға негізделген сайлауалды бағдарламасын жан-жақты түсіндіріп, кездесуге қатыушыларды алдағы саяси науқанда белсенді болуға шақырды.
«Nur Otan» партиясы Алматы облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді