Войти через

  • 4°C

Суббота, 27 апреля

Жақсылық Үшкемпіровтың айтқандары

TINFO
TINFO
Служба новостей

2 тамыз күні қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қоғам қайраткері, кәсіпкер Жақсылық Үшкемпіров дүние салды. Ол Қазақстан спорты мен руханиятында аты алтын әріптермен жазылған аңыз тұлға. Кәсіби спорттан алыстаған соң, Жақсылық аға жастарды спортпен баулуға, туған жерін гүлдендіруге, ауыл шаруашылығын көтеруге өмірін арнады.  

Әр кездесу-жиында жастарды қанаттандырып, серпін беретін. Ағаның әр сөзінен елжандылық пен еңбекқорлық, адамгершілік пен қарапайымдылық сезілетін.

Tinfo.kz редакциясы Жақсылық Үшкемпіровтің әр жылдары сұхбат барысында, кездесулер кезінде ел мен ұлт тағдыры, жастар болашағы, кәсіп туралы айтқан ойларын топтастырып, оқырмандарға ұсынады. 

***

Біріншіден, әркім өз Отанын сүю қажет. Күрес алаңына шыққан сайын, елім үшін бірінші болсам деп армандадым... Жас кезде ақшаны ойламаған едік. Осы идеологияны сақтап, оны жастарға жеткізуіміз керек: Құрметті адам болу үшін өз Отанына сүйіспеншілікпен қарау қажет.

***

Бүкіл халық сыйлайды. Рах­­мет. Шүкір. Елбасының өзі тәуел­сіз­діктен кейін туған қанша­ма спорт­шының алдында мені ашық­тан ашық бір бас жоғары қойып келеді. Халық тұңғыш Олим­пиада чемпионымыз деп ер­келе­теді. Осының бәрі қолға алған ісімнің берекет табуына себепші болды.

***

Ата кәсіппен айналысу – ұрпақтардың міндеті. Мұнай таусылса да, мал қырылып қалмайды. Сол себепті жастарды ата кәсіппен айналысуға итермелеу керек. Мен қаншама шығынға баттым, бірақ өз миссиямды жалғастырып келемін, шама келсе жастарға осыны үйреткім келеді.

***

Менің бү­гінгі таңда көзімнің жеткені – біз­дің көпшілігіміз қарапайым ға­на қажетті құжаттарды қара­пайым түрде ғана толтырып тиісті мекеменің қолына тап-тұйнақтай етіп табыстай алмаймыз, ерін­шектігіміз ұстайды, әлі де болса немқұрайдылығымыз басым. Мәселен, мен белгілі бір соманы алу үшін банктің соңынан 2 жыл жүгірдім, қаншама білімімді сарп еттім. Бірақ, бәрібір өзіміздің ор­тадан тыс ешкімге жалынбадым, ешкімнен көмек сұрамадым. Жанымда қаншама білімді азамат жұмыс істейді, солардың бәрі атсалысты, ақыры 2 жылдан кейін несие ақша қолыма тиді.

***

Кәсіпкерлік спорт сияқты. Табандылық пен шыдамдылық қажет. Бірінші болып жетістікке жету үшін жігер мен еңбек етемін деген ұмтылыс керек.

***

Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылында спорт залы және 100 балаға арналған балабақша аштым. Менің ойымша, молшылықта тұратын әрбір тұлға қасындағы адамдарға көмектесуге міндетті. Мысалы, егер әрбір азамат бір ағаштан отырғызса, қандай керемет болар еді! 

***

Біз дамыған 50 елдің қатарына кіріп, әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің біріне де айналуымыз керек. Бұл үшін бір-бірімізге қол ұшын беріп, қолдау жасауымыз қажет. 

***

Менің ойымша, спортпен айналысу — ұлт денсаулығын сақтау. Мысалы, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бар. Меніңше, 50 емхананың орнына 50 спорт кешенін салу керек. 

***

Енді мемлекеттік тілдің өркендемей жатқан жайы болса, бұл үшін мемлекетті де, Қазақстанды мекендеп отырған өзге ұлт өкілдерін де айыптаудың қажеті жоқ. Бəрі де өзімізден. Тіліміз үшін əрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз бар екендігін ұғынатын кез келді.

***

Менің бір арманым бар. Осы көп болса 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Соны қазақтың 5 мың жігіті көтеріп жіберсе, одан артық қандай бақыт керек. Мен соны ойлаймын.

e-history.kz, mangystaumedia.kz, egemen.kz, 7-su.kz, atameken.kz сайттарынан мәлімет алынды.

Это может Вас заинтересовать