Талдықорғанда елді алдап, ақшаны казиноға жұмсаған алаяқ сотталды

Служба новостей

Алматы облысында 62 жастағы азамат алаяқтық әрекеті үшін үш жылға сотталды. Ол өзін жылу желілерін орнату шебері ретінде таныстырып, оған жүгінген азаматтардың ақшасын иемденіп келген, деп хабарлайды Tinfo.kz.

Сот процесі барысында ол өзінің кінәсін толығымен мойындап, шын мәнінде алаяқтық жасағанын жеткізді. Сот тергеуінде алаяқтың ұрланған ақшаны өз қажеттіліктеріне, атап айтқанда казинода ойын ойнауға жұмсағандығы белгілі болды.

«Оның құқыққа қайшы іс-әрекеттерінен ондаған азамат зардап шеккен. Күдікті өзін полиция іздеп жүргенін білгеннен кейін қашуға тырысқан. Алайда, криминалдық полиция қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде, ол 2020 жылдың 6 ақпанында Алматы қаласында ұсталып, бірден қамауға алынды. Жуырда Талдықорған қалалық соты ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі 1-тармағында көзделген қылмыстық әс-ірекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылған күдікті азаматқа қатысты үкім шығарды. Сот оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде жазасын өтей отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», — делінген Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.