Алматы облысы әкімінің «Ақ қауырсын — 2020» қаламгерлер жүлдесінің жеңімпаздары анықталды
Алматы облысы әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі үшін өткізілген «Тіл – ғұмыр» облыстық қаламгерлер байқауының қорытындысы белгілі болды, деп хабарлайды Tinfo.kz.
Байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани құндылықтарды насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жас қаламгерлерге қолдау көрсетуге бағытталған және Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасымен облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жыл сайын өткізілуде.
Поэзия және проза аталымдары бойынша 40-қа жуық талант иелерінің еңбектері келіп түсті.
Бұл байқаудың биылғы жылғы ерекшелігі – ғұлама, ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына және Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай арнайы «Әл Фараби», «Абай» жүлделері тағайындалды.
Байқау өз мәресіне жетіп, қос ғұламаның шығармашылығына арналған арнайы «Әл-Фараби» жүлдесін Жарқын Сәленұлы («Мен қандай қалада тұрамын?»), «Абай» жүлдесін Асыл Сұлтанғазы («Адамзат алыбы») қанжығасына байлады.
Кіл жүйріктер поэзия бәйгесінде екі кезең (мемлекеттік тіл және еркін тақырып) бойынша бақтарын сынады. Нәтижесінде І орынды Айнұр Төлеу («Сөзтүкпір», «Көктем»), ІІ орынды Айбек Ережеп («О, Туған Тіл сен болмасаң…», «Алғаш»), ІІІ орынды Мәулен Әнербай («Мені, апа, сол тілде аймалашы», «Тақиясын теріс киіп таң атты») иеленді.
Парасатты пайымға толы проза бәйгесінде І орынды Әсем Жұмахан («Қаншырдың кегі») иеленсе, ІІ орын Асхат Өмірбаевқа («Жүз жыл тербелген бесік»), ІІІ орын Нұрахмет Ерденге («Тар заман») бұйырды.
Қос жеңімпаз Айнұр Төлеу мен Әсем Жұмаханға облыс әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесі табысталатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, байқаудың проза жанры бойынша облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Нүсіпбай Әбдірахым, облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары, жазушы Серік Сарыбай және журналист Назым Дүтбаева төрелік етіп, үздіктерді анықтады.
Ал поэзия жанры бойынша облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Жұматай Әміреев, Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары, ақын Жангелді Немеребай, Президенттік стипендият, ақын Сағыныш Намазшамова сөз өрнегін өрбіткен ақындар шығармашылығын саралап, әділ бағаларын берді.
Марапаттау рәсімінің уақыты қосымша хабарланады.
Фото: А.Карбозұлы