Панфилов ауданында асфальт-бетон зауыты іске қосылды
Панфилов ауданында шағыл, асфальт пен бетон шығаратын жаңа зауыт ашылды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі.
Панфилов ауданы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Береке Жаркент» ЖШС кәсіпорны сағатына 200 тонна шағыл, 90 тонна асфальт, 90 тонна бетон өндіретін болады.
Ал өндірістік қуаттылығы күніне 9 160 тоннаны құрайды.
«Франциядан әкелінген зауытқа 500 млн теңге көлемінде инвестиция тартылған. Өңірде жұмыссыздықты азайтуда айрықша маңыз алатын бұл өндірістің іске қосылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді»,- дейді аудан әкімі Талғат Өмірәлиев.
Зауыт директоры Бауыржан Сабалаковтың айтуынша жаңадан 50 жұмыс орны ашылған.
«Қазір зауытты іске қостық. Енді жемісті еңбек етсек дейміз. Егер әкімшілік рұқсат етсе алдағы уақытта ауданға бір мектеп салып берсек деген жоспар бар», — деді кәсіпкер.
Фото: Панфилов ауданы әкімінің баспасөз қызметі.