Талдықорғанда алғаш рет «студенттік көктем» байқауы өтіп жатыр
Облыс орталығында «Менің Қазақстаным: студенттік көктем-2019» атты облыстық студент жастар фестивалі өтуде. Байқауға облыстың 20 өңірінен 500-ге жуық білімгер қатысуда, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі.
Жүйріктер жарысы жастардың қоғамдағы белсенділігін және мәдени әлеуетін арттыру, ұлтжанды тұлға болып қалыптасуына ықпал ету, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, шығармашылық шеберлігін шыңдау, дарынды студенттерге қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Фестивалдің ресми ашылу салтанаты Б. Римова атындағы драма театрда өтті. Студенттерді Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас пен І. Жансүгіров атындағы жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев арнайы құттықтады.
Екі күнге созылатын байқауда білімгерлер төрт бағыт бойынша, яғни «Отаным — Атамекенім!» патриоттық әндер байқауы, «Ұшқыр ойлы Жетісулық жастар» атты пікір-сайыс турнирі, «Жайдарлы жастар» Жайдарман ойындары, «Спорт – өмір көркі» тақырыбындағы шағын футбол ойындарында өз бақтарын сынайтын болады.
Айта кетерлігі, байқауды дәстүрлі түрде өткізу жоспарлануда. Кіл мықтылардың үздігін анықтайтын байқау жастарды серпілтіп, таланттылар толқынында болуға септігін тигізері анық.
Фото: Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы.