Тілдің дамуына үлес қосқан жетісулықтарға Тоқаевтың марапаты берілді
ҚР «Тіл туралы» Заңының 30 жылдығына орай, облысымызда мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып, еңбек етіп жүрген қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысының алғыс хатымен марапатталды, деп хабарлайды TINFO желілік агенттігі.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов қатысып, марапаттарды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатына Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, «Кәсіпкер» журналының бас редакторы Гүлжиян Сүлейменова, ақын, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Әміре Әрін, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Атсалим Идигов, «Қазақ тілі қоғамы» Қарасай аудандық ұйымының төрағасы Шара Қанатқұлқызы ие болды.
«Сізді «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына отыз жыл толуына орай, мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, қолданылу аясын кеңейтіп, ұлтаралық қатынас құралына айналуына сіңірген еңбегіңізге зор алғыс білдіремін», делінген алғыс хатта.
Айта кетейік, 1989 жылы 22 қыркүйекте «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» ҚР Заңы қабылданып, қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі мәртебесін алған болатын. Биыл аталған Заңның қабылданғанына 30 жыл толып отыр.
Фото: tildamytu-tdk.gov.kz