Алдағы президент сайлауында жетісулық 90 белсенді азамат тәуелсіз бақылау жүргізеді

Служба новостей

20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сайлауына санаулы күндер қалды. Кез-келген сайлаудың бөлінбес бөлшектері болады. Ол кандидаттар, сайлау комиссиясы, үгіт-насихат кезеңі және бақылаушылар. Осы орайда Жетісу облысында «Бақыла» тәуелсіз бақылаушылар қоғамдық қозғалысы жұмысын бастайды, tinfo.kz хабарлайды

Қоғамдық бастама ретінде, тәуелсіз бақылаушыларды алдағы президент сайлауына дайындау, оқыту мақсатында бір топ белсенді азамат қоғамдық қозғалыс құрды. Қозғалыстың атауын қарапайым, тілге үйреншікті етіп «Baqyla» деп қойды. Бастама аясында еліміздегі ірі қалаларын, облыс орталықтарын қамтып, бақылаушыларды үйрету көзделіп отыр. Қазіргі уақытта 3 мыңнан астам сайлау учаскесіне бақылаушыларды қатыстыру көзделген. Қызығушы азаматтардың саны көп. Себебі соңғы жылдары елімізде бақылаушылық кеңінен таралуда. 2019 жылдан бастап тәуелсіз бақылаушылар саны артты, бұл азаматтық қоғамды құруға серпін береді, ал жастардың саяси белсенділігі қуантады. Бақылаушыларды үйрету тегін, қоғамдық бастама ретінде іске асуда.

Талдықорған қаласы бойынша бақылаушы болуға ниет білдірген 200-ге жуық өтініш түсті. Соның ішінен 90 бақылаушы іріктеліп, тізімі бекітілді. Олардың басым бөлігі жастар. Талдықорған қаласындағы 58 сайлау учаскесі, оның ішінде 4 жабық түрдегі сайлау учаскесі бар. «Бақыла» тәуелсіз бақылаушылар қоғамдық қозғалысының Жетісу облысы бойынша штабының белсенділері ашық учаскелерге бақылау жүргізуге басымдық бермек.

«Бұл сайлауда біз бақылаушы болып, азаматтық қоғамның дамуына өз үлесімізді қосамыз деп шештік. Сайлауда әр азаматтың таңдауына құрметпен қарап, берілген дауыстың тиісті жерге жетуіне атсалысу – позиция. Бұл тәуелсіз бақылаушылардың позициясы. «Бақыла» тәуелсіз бақылаушылар қоғамдық қозғалысының басты мақсаты да қоғам мүддесіне сай. Осыған байланысты штабтағы координаторлар бақылаушыларға алғашқы түсініктеме жұмыстарын жүргізуде. Ендігі кезекте 1 қарашадан басталатын бақылаушыларды арнайы оқыту курстарын ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл іс-шаралар үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жүргізілетін болады», — дейді қоғамдық қозғалыстың Жетісу облысы бойынша штабының жетекшісі Бахтияр Жаксикельдинов.

Бақылаушылар институтын дамыту да өте маңызды. Себебі бақылаушының сайлаудағы рөлі зор. Ол сайлаудың әділдігі мен заңдылығын бақылап қана қоймай, жалпы демократиялық принциптердің сақталуын қадағалайды. Бұл үлкен жауапкершілікті қоғам алдындағы борышы деп есептеп, мемлекеттің саяси өміріне ат салысып, жүйелі түрде сайлауға бақылаушы болып қатысып жүрген азаматтар баршылық. Бұл тегін еңбектің құны — елдің жарқын болашағы, саяси тәжірибе және азаматтық қоғамның дамуы.

«Біз азаматтық қоғамның нығаюына өз үлесімізді қосуымыз керек. Бұл ретте саяси мәдениетті дамыту, жас буынға үлгі болу, оларды саналы, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде тәрбиелеу бағытындағы қоғам белсенділері тарапынан атқарылып жатқан іске қатысу маңызды. Сонда ғана ертелі-кеш әрбір Қазақстан Республикасы азаматының дауысы есепке алынатын әділ Қазақстанға қол жеткізе аламыз. Айта кетейік, бақылаушы болу үшін қаржы төленбейді. Бірақ, қандай да бір демеушілік көрсетемін дейтін азаматтар болса, қаржыға бақылаушыларды сайлау күні түскі аспен қамтамасыз ету, қажетті құралдарын алып беру жоспарда бар. Алдымызда президент сайлауынан бөлек, парламент сайлауы келе жатыр. Сондықтан да бірінші рет қатысып тұрған бақылаушылар тәжірибе жинап алатыны сөзсіз», — деп атап өтті штаб жетекшісі.