Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай «Ұлы жебе» мемориалды кешені ашылды
ПАНФИЛОВ АУДАНЫ. Бүгін Жаркент қаласында Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына байланысты «Ұлы жебе» мемориалды кешені ашылды деп хабарлайды, TINFO желілік агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Тұңғыш Президент күніне орайластырылған шараға облыс әкімі Амандық Баталов, Парламент Мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, тарихшы ғалымдар, қаламгерлер, аудан жұртшылығы қатысты.
«Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының азаттық жолындағы тарихи оқиғаларының бірі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Орбұлақ пен Аңырақайдағы тарихи маңызды жеңістер Азаттықтың ақ туы астында желбіреді», — деп, тарих толқынындағы ерлікке толы ұлы оқиғаларды дәріптеуге ерекше мән берген болатын. Мемлекет басшысының жақында жарық көрген «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы да біздің ұлттық тарихымызға терең үңілуге, халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына зор құрметпен қарауға үндейді. Орбұлақ тарихы – сол Ұлы Дала тарихының бір парағы, — деп атап өтті. 1993 жылдан бергі Орбұлақ шайқасының зерттелуі мен оны насихаттауға арналған шаралардың бір парасына тоқтала келе, қазіргі ашылып отырған мемориалдық кешен сол іргелі істердің жемісі екенін айтты», — деп атап өтті өңір басшысы.

Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеев, жастар атынан Ернар Ерғали сөз алып, тарихи оқиғаның маңызы, оның бүгінгі күнге берер тәлім-тәрбиесі туралы сөз қозғады.
Амандық Баталов кешеннің авторларына — суретшілер Ғазиз Ешкеновке, Айдар Жамханға, мүсінші-архитектор Айдын Жайлаубаевқа көпшіліктің атынан алғыс айта отырып, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.
Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналған шара аудандық Мәдениет үйінде ғылыми-практикалық конференциямен жалғасты.
Жалпы, «Ұлы жебе» мемориалдық кешені негізінен ақ мәрмәр мен граниттен дайындалды. Жобаның құны 278,6 млн теңгені құрайды. Мемориалдық кешенді тұлпарлы батырлар бейнеленген барельеф пен жоғарыға тік шаншылған жебе мен қалқан құрап тұр.
Фото: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты.